Жастықтың оты жалындап...

​Келешектің кілті білім мен еңбекте екенін ерте түйсінген №8 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Замира Алиханқызы жақында ғана шығармашылықа бейім оқушылар арасында өткен Бейсен Құранбек атындағы облыстық шығармашылық байқауынан бұйырған жеңісін тәуелсіздік тартуы ретінде қабылдады.
Жастықтың оты жалындап...

Бұл байқауды мектеп оқушыларының арасынан шығармашылық, интеллектуалдық қабілеті бар, сөз мәдениеті дамыған, журналист, тележүргізуші, публицист және ақынжазушы болғысы келетін дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында Жетісу облысы білім басқармасы, «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Тележурналистиканың тарланбозына айналған Бейсен Құранбектің ізімен репортаж жанрында бейнеролик жасап, «Үздік репортаж» бағытында байқауға қатысқан Замира биыл өзі мектеп бітіретін болғандықтан, етене таныс Ұлттық бірыңғай тестілеу тақырыбының қыр-сырын ашты. Мектепішілік, қалалық іс-шаралардың тізгінін ұстап, ысылып қалған оған сөз саптау да, ақпарат жинап, сараптау мен дыбыстау да аса қиынға соға қойған жоқ. Лайықты еңбегі арнайы диплом және 250 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.

Аталған байқауға қоғам, бала және жасөспірімдер тақырыбында қысқа ертегі, сатиралық және публицистикалық стильде жазылған шығармалар бойынша «Үздік шығарма» бағытында қатысқан №3 орта мектебінің 7-сынып оқушысы Жанерке Асқарбекова және «Үздік арнау» бағытында авторлық өлеңін ұсынған №4 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ардана Болатхан Алғыс хатқа ие болды.

Жұлдыздай жарқырап топ жарған Замира Алиханқызының: «Біз, тәуелсіз Қазақстанның жастары, еркін ойлап, еркін сөйлеп, жазып, дамыған заман мен технологияның шексіз мүмкіндігін пайдаланып келеміз. Мемлекетіміз білім алуға, әр бағытта өсіп-жетілуге жағдай жасап отыр. Сондықтан да, әрқайсымыз туған елімізге, жерімізге пайдамызды тигізе алатындай маман болып шығуымыз керек. Тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, тұтқасын ұстайтын – білімді, отаншыл жастар»,– деген сөзінде жігер де, селкеу түспеген сенім де бар.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.