Қастерлі ұғым жүректе

​13 желтоқсанда Текелі кәсіптік колледжінде Тәуелсіздік күніне орай жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен «Болашаққа жол бастар – жалынды жастар» атты жастар форумы өтті.
Қастерлі ұғым жүректе

Тәуелсіздік деген қасиетті де қастерлі ұғымның әр жүректің лүпілімен үндесіп, шетсіз, шексіз елжандылық сезіммен нәрленуі, елдің көсегесін көгертуді көздеген нақты іспен әрленуі шарт. Ата-бабамыз жылқының жалында, түйенің қомында жүріп қорғап, аманаттаған алып далаға тәуелсіздік таңының арайы тарағанда халқымыз оның мәңгілік болуын тіледі. Бүгінгі бақыттан гөрі болашақтың қамын көбірек ойлайтын еліміз егемендіктің еншісін алар жастарға ерекше үміт артады. Кәсіптік колледжде өткен форумда жастарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған Текелі қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Ержан Тойбеков оларға жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағына маңыз берді, кәсіп үйреніп жүрген студенттердің бәсекеге қабілетті, іскер болуға қадам жасауы тиіс екенін алға тартты. Кәсіптік колледж директоры Дәуболат Нүсіпов студент жастарға сенім мен өр рух тіледі. Салтанатты іс-шара басында төрге шығарылған Мемлекеттік Ту, бірге шырқалған Мемлекеттік Гимн рухты аспандатты. Колледждің өнерпаз жастары патриоттық әндерді қалықтатты.

Көпшіліктің назарын аударып, жанын тебіренткен «Ләззат Асанова – желтоқсан құрбаны» атты қойылым өткен күндердің қаһарлы сәттерін елестетті, желтоқсанның жаңғырығынан сыр шертті. Талшыбықтай жас қыздың ұлтым үшін, елім үшін деп жанұшырған дауысы, суық қабақ пен темір таяққа төтеп берген жігері, бет қаратпас аяздан да өткір жала мен шеккен азабы, құпия өлім, соңғы хаты, ананың жоқтауы залды сілтідей тындырып, терең ойға жетеледі. Тәуелсіздікке жетер жолдың сан сорабына көз жүгірткен жастар «Жаса, Қазақстан!» флешмобымен серпілтті.

Бұл форумда озық ой, өнегелі үлгісімен, ерік-жігерімен дараланған жастар қалалық ішкі саясат бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Ұлттық волонтерлер желісінің «Жеңіс» әлеуметтік жобасының іске асуына белсене қатысқан еріктілер де Алғыс хатқа ие болды. Тәуелсіздік ұландары азаттықтың асқақ үнін көңілге қондырып, қастерлі ұғымды жүрекке орнықтырды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.