Он екі қасиет

Ұлы Димекеңнің өмірінде және қызметінде «2», «12», «22» деген сандарға байланысты тылсым, сыры жұмбақ жағдайлар өте көп. Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. 82 жасына қараған шағында 22 тамыз күні (1993) дүние салды. Өмірінде үлкен қызметке келуі тағы «2» санымен байланысады.
Он екі қасиет

1942 жылы комбинат бастығынан бірден «совмин» төрағасының орынбасары болып, 1952 жылы Академия президенттігіне сайланады. 1962 жылы 12 айда Хрущевке қарсы келіп, бірінші басшылық қызметтен кетуге мәжбүр болады. Арада 12 жыл өткен соң бұрынғы орнына қайта келеді. Алғашқы үлкен Мемлекеттік марапатты, яғни Еңбек Ері атағын 1972 жылы алады. Ал үшінші «Алтын жұлдыз» Дінмұхамед Қонаевқа 1982 жылы берілді. Тізе берсек, Дінмұхамед Қонаевтың өмірінде «тылсым сан» нысандары жалғаса береді. Ең қайран қалдыратыны – Дінмұхамед Қонаевтың бойында әл-Фараби даналығы бойынша кемеңгер патшаға тән «12» қасиеттің түгел тоғысқанына көзіңіз жетеді.

Әл-Фарабидің даналығында кемеңгер басшы өзінің сүйек-сыны, сыртқы тұлғасы арқылы ерекше көрінуі керек. Яғни ол адам өте сымбатты: «мінсіз, мүсіндей әдемі, иманжүзді болуға тиіс». Дінмұхамед Қонаев жаратылысынан көрікті, бойшаң және жүзінен нұр төгіліп тұратын иманжүзді кісі еді. Кеңестік дәуірдегі мемлекет қайраткерлерінің ішіндегі ең сымбатты, бой жағынан да, ой жағынан да ерекше бөлек тұлға Дінмұхамед Қонаев екені белгілі. Кемеңгер адамның бірінші қасиетін айттық. Екінші қасиеті, Д.Қонаев адамның ішіндегісін біліп тұратын, сөзінен не ойлайтынын тез аңғаратын зерек жан еді. Үшінші қасиеті – есте сақтау қабілеті аңызға айналған. Өзі араласқан оқиғалардың жыл, ай-күні тіпті, сағат, минутына дейін ол кісінің есінде өле-өлгенше сақталған. Қазақстандағы мыңдаған колхоз-совхоздардың, жер-судың және озат шопан, механизаторлардың есімін өмірінде ұмытпаған. Өндіріс, экономикаға байланысты сандар мен цифрларды кез келген жағдайда жаңылмай айтып отыратыны ғалымдардың өзін қайран қалдырған. Төртінші қасиеті – естігендері мен көргендерін өте шебер әрі бейнелі тілмен әңгімелейтін хас шешеннің өзі еді. Сөз арасында әдемі әзіл айтып баурайтын. Димекеңнің бойында ақындық қасиет болған. Студент кезінде өлең жазған. Бесінші қасиеті – туа біткеннен ғылым мен өнерді терең түсініп, ғылым жолында еңбектенген білімпаз еді. Қонаев ғылым саласында жаңалық ашқан және болжам жобалары нақты іске асып, өндіріске енген инженер-ғалым еді. Алтыншы қасиеті – тағамды талғап, тек адал асты ғана жеген. «Пейіш жемісі» алма жеу әдеті еді. Өйткені алманың ағзаға пайдасы мол. Жетінші қағидада айтылғандай, Дінмұхамед Қонаев «жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болды». Демалысын таза ауада серуендеп, табиғат аясында өткізуді бұлжымас әдетке айналдырды. Аңшылық, саяткерлік салт және мергендік өнер Димекеңнің көзі жұмылғанша тастамаған ермегі әрі көңілді демалысы еді. Сегізінші қағидада кемеңгердің шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұруы жөнінде айтылады. Дінмұхамед Қонаев өтірік-өсек айтқандарды жек көрді. Жалған сөйлегендерді ұнатпады. Дінмұхамед Қонаев Колбиннің өзі туралы жалған сөйлеп, Мәскеуге өтірік айтқан өресіздігі мен екіжүздігін кешірмей кетті. Желтоқсан оқиғасына байланысты Дінмұхамед Қонаевты Колбин орынсыз кінәлап, айыптаған болатын. Дінмұхамед Қонаевтың үстінен арыз жазып, өзі тасада тұрған белгілі партия қайраткері кейін арыздағы айтылғандар өтірік болып шыққанда Қонаевқа жалынып, кешірім сұрайды. Тоғызыншы қағидада жазылғандай, Димекең «жаны асқақ және арнамысын аса ардақтайтын адам» еді. Дінмұхамед Қонаевтың кісілік адамгершілік бекзаттық қасиеті және тәрбиесі өнеге. Мұны халық жақсы біледі. «Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игі істерге ынтызар болуға тиіс» деп оныншы қағидада айтылғандай, Д.Қонаев игі істердің ұйытқысы, жасампаздықтың жолбасшысы еді. Он бірінші қасиеті – ол бар болмыс-бітімімен әділдікті сүйді, өктемдік пен озбырлыққа жол берген жоқ.

Әл-Фарабидің он екінші қағидасында айтылатын көсемге тән батылдық пен ержүректік Димекеңнің бойында туғаннан бар еді. О баста тау-кен инженері Қонаев Қоңыраттағы кеніште «қауіпті қопарылыс-тар» жасау жұмысына жауапты болады. Жазым, жазмыш болып тұратын жерде Димекеңнің қорықпай тәуекелге барған кездерін халық біле бермейді. Қапшағай су қоймасын салу жөніндегі Димекеңнің батыл шешімі мен іскерлігі тарихта өшпестей болып жазылып қалды.

Ораз Қауғабай, жазушы  «Ұлы тұлғаның ұлағаты» кітабына енген естелігінен үзінді

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.