Жетекші идея – Елдіктің жеті тұғыры

Қалалық кәсіпкерлер палатасында қаламыздағы бизнес өкілдері бас қосып, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын кеңінен талқылады.
Жетекші идея – Елдіктің жеті тұғыры

Жиында қалалық мәслихат депутаттары Арман Отарбаев пен Тұрысбек Жұмаділов бизнес өкілдеріне Елбасы ұсынған жеті құндылық төңірегінде жан-жақты түсіндірді. Оның ең біріншісі – еліміздің егемендігі.

Тәуелсіздіктің киесі мен қасиеті туралы Елбасы былай дейді:

«Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.

Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстан-дықтың міндеті.

Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық.

Әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз.

Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.

Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту.

Бұл барша халықтың еңбегімен келеді.

Сондықтан, жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет».

Елбасы атап айтқандай, экономикалық өрлеуіміз тәуелсіздігімізбен тікелей байланысты. Елдің егемендігі болмаса, құлшыныстарымыздың бәрі құмға сіңген сумен тең. Сондықтан, әрбір қазақстандық Тәуелсіздіктің құнын білуі, оны жан-тәнімен қорғауы керек. Әрине, ол үшін еселі еңбек, тас жарар тәуекел, білім, ақыл-парасат қажет.  

Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елдің бірлігіне, ынтымағына баса назар аударды. Себебі, «Бірлік болмаса, тірлік болмайды»! Елбасы елдің береке-бірлігін теңдессіз құдіретті күшке балайды:

«Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.

Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалып-тасқан халқымыздың артық-шылығы.

Бүгінде бірлік пен этно-саралық татулықты сақтау жолында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз.

Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор.

Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы».

Ата-бабаларымыздан бізге аманат етілген ұлан-байтақ жеріміз біздің табан тірер тиянағымыз, несібе-ырыздығымыз да осы жерде. Жеріміз болғаны үшін де біз егемен ел болып еңсемізді тіктедік. Ендеше, жерсіз халық жоқ, халық болмаса егемендік бос сөз болып қалады.  

Мақалада жердің ата-баба аманаты екендігін Елбасы былай шегелейді: 

«Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.

Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ.

Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым.

Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған.

Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық.

Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б.).

Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым.

Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз». 

Елбасы отбасының мемлекет пен елдікті сақтап тұрудағы рөлін өте жоғары бағалайды. «Отан – отбасынан басталады» деп халқымыз бекер айтпайды ғой. Әрбір отбасы – елдіктің шаңырағына шаншылған уық іспетті.

Отбасы туралы Елбасы:

«Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.

Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады.

Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт.

Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды.

Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет.

Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай».

Ұлтымызды ұйыстыратын, бір арнада тоғыстыратын тағы бір күш – ұлттық мәдениет. Мәдениет адамның дене мүшелерін біріктіріп ұстап тұратын және әдемі етіп көрсететін ет пен тері секілді. Ұлттық құндылықтарды ұлттық мәдениет тоғыстырады. 

Елбасы былай дейді:

«Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.

Біз – тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз.

Болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз.

Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек.

Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді.

Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор.

Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал».

Елбасы мақаласында білімді, еңбекті бағалайды:

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек...

...Мен жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеямда оның бес принципін – эволюциялық даму, ортақ жау-апкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеттім.

Онсыз кез келген қоғам көштің соңында қалуы мүмкін.

Ендеше, табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.

Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді.

Осыны жастардың санасына сіңіру қажет».

Бәсекелестіктің екінші атауы – өміршеңдік. Бәсекелестік –    экономиканың ғана емес, тұтас тіршілктің өмір сүру қағидаты. 

«Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Біз қолда бар ресурс пен мүм-кіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек.

Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол.

Сондықтан, прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн.

Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз».

Елбасы елдіктің жеті тұғырын осылай жіктеп, әрқайсысының ұлт өміріндегі маңызы мен мәнін ашып көрсетті. Ендеше, біз осы құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай қорғап, ұлт болып ұйысудың жолында біріге түсуіміз тиіс. Жиын қорытындысы осылай сараланды.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.