Ұлттық мүдде бәрінен жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін бастамаларды көтерді. Әсіресе, заң шығарушы орган ретінде Парламент Мәжілісінің жауапкершілігін айқындап, заңдардың халық мүддесімен қабысып жатуына баса маңыз берді.
Ұлттық мүдде бәрінен жоғары

Баршаға белгілі, Парламент сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Қазақстандағы реформалардың басты бағытының бірі – саяси жаңғыру. Осы жаңғырудың негізгі қағидаты – барлық өзгерістерді жалпыұлттық диалог пен мәмілеге сүйеніп, эволюциялық жолмен жасау. Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәсе-лелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы, еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Заң нормаларын әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесіне бола лобби жасауды түп-тамырымен жою қажет. Сіздер, ең алдымен, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекел мен қатердің бәрін де сара-лауға тиіссіздер. Депутаттар әрдайым қоғам тынысын аңғарып, тамырын дөп баса білгені жөн» деп еліміздегі заң шығарушы орган – Парламент Мәжілісінің басты міндетін айқындап, қабылданатын әрбір заңның, оның әр бабы-ның, әр тармағының, тіпті әрбір сөзінің артында ел өмірі, ұлттық мүдде, мемлекет болашағы тұрғанын естен шығармау, заңдарды қабылдар кезде ата-бабаларымыз айтып кеткен «он өлшеп, бір кесетін» қағиданы берік ұстанып, елдік мүддені, ұлттық болмысты,  халқымыздың қалауын үнемі ескеріп отырудың өзектілігін алға тартты.

Осы маңызды түйін туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев былай деді:

«Жарияланған реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Заңдар, ең алдымен, ұлттық мүддені қорғауға тиіс. Ал ұлттық мүдде дегеніміз – халық пен мемлекеттің мүддесі. Қоғамды алаңдатқан мәселелер Парламентте жан-жақты  талқылануы, Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан, елмен етене жұмыс істеу – аса маңызды. Әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек. Сенат жұмысына қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік топтардың өкілдерін, тиісті мамандарды кеңірек тартуымыз қажет. Мұндай қадам заң шығару жұмысының және қабылданып жатқан заңдардың тиімділігін арттыратыны сөзсіз».    

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.