Текелім

Текелім

Текелім, көркемдіктің жыр мен кені,

Суреттеп жазу қиын тілмен сені.

Жаратқан дәл мұнда әкеп қалап қойған,

Өзің ең ұжмақтың бір бөлшегі.

 

Текелім, тынысты алқап құт дарыған,

Өзіңнен талай текті шыққан ұлан.

Келесің мекен болып ғұн мен сақтан,

Толғасам тарихыңды тіпті арыдан.

 

Текелім, құлан жортқан қырқасында,

Сақ қарап, бір таутеке тұр тасында.

Ақ жауын апта сайын төпей жауып,

Сарқырап сай-салада су тасуда.

 

Текелім, саған кімдер таңғалмады,

Бір жайсың қол жетпейтін армандағы.

Қаңтарда құз басынан қыран самғап,

Құлпырған керді айнала қарғалдағы.

 

Текелім, жанға жайлы тау арасы,

Жабыққан жанымды емдеп, дауалашы.

Бағында алуан гүлдер шешек атып,

Дамылсыз ұшып-қонған бал арасы.

 

Текелім, байлыққа бай бар көлемі,

Тәнті еткен табиғаты хан-төрені.

Өзені көбік шаша гүр-гүр тасып,

Жайқалған жағасында тал-терегі.

 

Текелім, елге мақтан болған алап,

Дамисың игі жақсың қолдап әлі-ақ.

Сайраған саябақта сандуғашы,

Сап түзеп самырсыны жол жағалап.

Қуантай САТЫБАЛДЫ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.