Текелі – жұмақ мекенім
Таулары асқақ Текелі,
Қыран құстардың мекені.
Самғайтын еркін көгімде,
Бұл – бабалардың мекені.
Таудың таза ауасы бар,
Дертке шипа, дауасы бар.
Текелідей көркем жердің,
Жұмақ сынды жобасы бар.
Сылдырап аққан Қорасы,
Көз тартар көркем жотасы.
Жоңғардың асқақ шыңдары –
Өлкемнің алтын ордасы.
Қарағай, шырша бүр жарған,
Бауыры толы гүл-арман.
Текелі – құтты мекенім,
Жаралған нұрдан, жырдан да.
Көшесі түзу, жап-жасыл,
Сырына қанық әр ғасыр.
Киелі менің мекенім –
Тарихтан шертер сан ғасыр.
Мейірбан халқы, елі бар,
Береке дарыған жері бар.
Мақтанышым – Текелім,
Айбары асқақ төрі бар.
Өзіңнен бақыт табамын,
Өзіңсің мақтан-жалауым.
Мәңгілік жайнай бергейсің,
Аяулы алтын тұрағым!
Әр сәт – бақыт
Әр сәт бақыт – естуім үндер жырын,
Толқынның да, жапырақ сыбдыр-сырын.
Әр сәт бақыт – тынысым, дем алғаным,
Өмір-өзен ағысын сезе алғаным.
Әр сәт бақыт – жанымның сезгені де,
Күн нұрының, самалдың ескені де.
Әр сәт бақыт – көзімнің көре алғаны,
Көкжиектен шуақтың таралғаны.
Әр сәт бақыт – адымдап жүре алуым,
Кең даламды, тауымды біле алуым.
Әр сәт бақыт – шынайы күлген күнім,
Шаттықпенен өмірді сүрген күнім.
Ақмарал Бекейқызы, 10-сынып оқушысы
