Әйелдің жасы – он сегіз

Әйелдің жасы – он сегіз

Әйелдер біздің еркеміз,

Түспесін әркез еңсеңіз.

Әже ме, қыз ба, апа ма,

Әйелдің жасы – он сегіз.

 

Нәзік жанды сұлулар,

Әйелде әркез жылу бар.

Әйелдің жасын сұрама,

Әйелдің жанын ұғыңдар.

 

Көз салмай жігіт тұра ма,

Арулар мойнын бұра ма.

Он сегізде олар әрқашан,

Әйелдің жасын сұрама!

 

Аяла оны күні-түн,

Сұрама жасын, жігітім.

Әйелдің жасы – он сегіз,

Арулар – үкілі үмітің.

 

Саф алтын жерде жата ма,

Әже ме, қыз ба, апа ма.

Он сегізде олар мәңгілік,

Әйелдің жасын атама.

 

Жүректер от боп жана ма,

Құрмет қыл әркез анаңа.

Әйелдің жасы – он сегіз,

Өмірін оның санама.

 

Он бес пе, елу, сексен бе?

Гүл сыйла оған ексең де.

Әйелдің жасы он сегіз,

Аялай білу тек сенде.

 

Әйелдер әркез салмақты,

Анаң ол сенің ардақты.

Әйелдің жасы – он сегіз,

Өмірде әйел жан-жақты!

 

Арулар – қызыл гүліміз,

Аналар – жарық күніміз.

Сыңғырлап назды үніңіз,

Он сегіз болып жүріңіз!

Нұралтай ҒАЗЕЗ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.