Теңселмейтін тұғырым

Теңселмейтін тұғырым

Ерек күнге жырым менің шашуым,

Тежемеймін өлеңімнің тасуын.

Жетістігін тізейінші ел білсін,

Қазағымның белестерін,асуын.

 

Тәуелсізбін, өз елім бар егемен,

Отыз жыл да ұзақ емес, дегенмен.

Тоқыраудың заманында тоқтамай,

Қиындықтың елегінен еленген.

 

Тәуелсіздік – бақыты ол халқымның,

Жер байлығы – үстіндеміз алтынның.

Ата-бабам тастап кеткен ұрпаққа

Иесімін ұлттық сана, салтымның.

 

Ата заңым – арым менен айбарым,

Берен күштің қазанында қайнадым.

Маңдай терді төгіп қана, еңбекпен

Өсіп-өніп, өрістедім, жайнадым.

 

Туған жерім бізге жайып құшағын,

Елім үшін биіктерге ұшамын.

Көк байрақта қалықтаған қыран да

Қуаныштан салсыншы бір құс әнін.

 

Ертеңі ерен қызымның да, ұлымның,

Елім үшін садаға бір ғұмырым.

Қазақ елі – қасиетті, құтты ордам,

Тәуелсіздік – теңселмейтін тұғырым!

Тілек БАЙҚАДАМОВ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.