Бекзат болмысты тәлімгер

Қажырлы еңбегінің арқасында жетістікке жеткен адамдардың беделін арттыру арқылы өскелең ұрпақтың бойына еңбекқорлық қасиетті сіңіруді көздеген дәстүрлі «Еңбек жолы» байқауының облыстық кезеңінде текелілік кәсіпкер, тәлімгер-ұстаз, танымал атбегі, құсбегі Бүркітбай Файзолла жеңімпаз атанды.
Бекзат болмысты тәлімгер

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызмет-керлерінің күніне орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен жиында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли осы саланың мамандарымен бірге «Еңбек жолы» байқауының да жүлдегерлерін құттықтап, Б.Файзоллаұлын «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша марапаттады. Облыста қара үзіп келген жерлесіміз енді байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайды.

Аталған конкурс жастарды еңбекке құрметпен қарау, еңбек дәстүрлерiн сақтау және көбейту рухында тәрбиелеу мақсатында үздiк еңбек әулеттерi мен өндiрiс қызметкерлерiн анықтайды, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесiн арттыруға және «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» ұраны аясында еңбек өнiмдiлiгiн ынталандыруға ықпал етедi. Нәтижесінде озық шық-қандар «Үздiк еңбек әулетi», «Өндiрiстiң үздiк жас қызметкерi», «Жұмыс істейтін жастардың үздiк тәлiмгерi» номинацияларын иеленеді.

Маңдай терді төгіп, адал еңбекпен қол жеткізген табыстың бағасы бөлек, берекелі. Бүркітбай Файзоллаұлы бала кезден баба мұрасын қасиет тұтқан, жылқының тектілігін, қыранның қырағылығын бойға дарытып, көрген-білгенін іске жарата жүріп ата кәсіптің тілін меңгерген жан. Оның күміс тұяқ тұлпар баптап, тазы ертіп, қылыш тұмсық, қайқы төс қыран құс ұшырған бекзат болмысы, ұлттық салт-дәстүр, өнер мен кәсіпті дәріптеп, оны өскелең ұрпаққа үйретіп жүрген ұстаздық ұлағаты барлық құрметке лайық. Құсбегі, атбегі Бүркітбайдың есімі тек Жетісу өңіріне ғана емес, ата дәстүрі мен кәсібін құрмет тұтатын қазақ жұртына мәлім. Тәуелсіздікке қол жеткен тоқсан бірдің таңында атажұртқа оралған Бүркітбай Файзолла алдымен Ескелді ауданындағы Абай ауылына қоныстанды. 2000 жылы Текеліге табан тіреп, «Файзолла» шаруа қожалығының жұмысын жолға қойды. Қазақы жылқы өсіріп, халыққа саумалы мен қымызын ұсынды. Облыстық, республикалық, халықаралық саятшылық жарыстарға, бәйгелерге өзі, шәкірттері қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.

Адал еңбегі еленіп, Б.Файзоллаұлы 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, «Еңбек үздігі», «Зияткер» медалін, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері», «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер», Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Спорт саласының үздігі» төсбелгілерін кеудесіне жарқыратып тақты.

Текелі қаласында осындай бекзат болмысты ақсақал, құрметті де қадірлі азаматтың әлі күнге еңбектен қол үзбей, ұрпаққа үлгі болып жүрген салмақты сөзін, ілкімді ісін бағалайық, бағамдайық.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.