Ұрпаққа үлгі ұстаздар әулеті

Бар мейірім мен жылулықтың, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Отбасылардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани әлеуеті жиынтықтала келе тұтас қоғамның келбетін көрсетеді. Сондықтан, өнегесі мол, өсіп-өніп, тамырын тереңнен тартқан әулеттерді көпке үлгі етудің, отбасылық ұстанымын, ұлағатын, ұрпаққа сабақ болар өмір өрнегін паш етудің маңызы зор. Осындай қазыналы, қабырғалы әулеттердің бірі – Керейбаевтар отбасы.
Ұрпаққа үлгі ұстаздар әулеті

Жетісудың қасиетті топыра-ғында, Қапал ауданы Ешкіөлмес тауының күнгейіндегі Қоңыр ауылында Керейбайдың кіндігінен тараған Рамазанның гармоны тартылмай, әні айтылмай той-думан өтпейтін. Қанға сіңген қабілет болу керек, оның ұлы Мэлс те саз әлемін жанына серік етті. Алдымен Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесін, кейін Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы Мәдениет-ағарту педагогикалық институтын бітірген Мэлс Рамазанұлы білімі мен бойдағы бар дарынын жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге арнады. Талдықорған қалалық музыка мектебі мен Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатында еңбек жолын бастаған ол зейнетке шыққанша ұстаздықтан қол үзген жоқ. Сонымен қатар, жүрген жерінде ауқымды мәдени шаралардың ұйытқысына айналды. Текелі қаласына 1996 жылы көшіп келіп, Балалар шығармашылығы орталығында ұстаздық етті, «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің музыкалық жетекшісі болды. Мэлс Керейбаевтың бауырлары да, балалары да музыкаға жақын, барлығының дерлік музыкалық жоғары білімі бар. Сазгерлікке құлаш ұрып, көш басында тұрған Мэлс Рамазанұлы қазір 350-ге тарта ән мен күйдің, «Сәбиім – ән-күйім», «Отан – біздің әніміз», «Ән шырқа, жас ұлан», «Сағынам, туған мекенім» ән жинақтарының, «Толқиды Ақсу» кітабының авторы. Оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, ҚР мәдениет саласының үздігі атанған ол Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Текелі қаласының Құрметті азаматы.

Мэлс Рамазанұлының түтінін түтетіп отырған Алтынай Дәулетбекқызы да ардагер ұстаз. Балалар шығармашылығы орталығында әлі күнге дейін балаларды домбыра тартуға баулып жүр. Әке жолын қуған ұрпағы да өнерден алыс кетпей, барлығы ұстаздық жолды таңдады. Әуен, Дәурен, Мұхтар, Құралай, Қуаныш, Қайрат бала-шағаларымен жинала қалса, рухани әңгіме өрбиді, кішігірім концерт өтеді. Осының бәріне тәубе айтып, төрде отырған Мэлс ата мен Алтынай әже бүгінде 16 немере, 3 шөбере және екі жиен немере мен жиеншарының тілеуін тілеп, ұрпақ аман, заман тыныш болсын дейді.

Қазыналы қарттардың көңілін тауып, қара шаңырақтан ұзамаған Қайрат Мэлсұлы мен келіншегі Эльмира Қадыржанқызы екеуі де Текелі қаласындағы №5 орта мектебінде мұғалім. Қайрат І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, Эльмира осы оқу орнында биология пәнінің мұғалімі мамандығын игерді. 2007 жылы шаңырақ көтерген жұп Керейбаевтар әулетінің уығына уық қосып, отбасылық дәстүрден қия кетпей, салт пен сананы сақтады, ата-ана үмітін ақтады. Екі ұл, үш қыз өсіріп отырған олар үйде де, жұмыста да ұстаз. Ұлағатты ұстаздар әулетінің мақтанышы Қайрат Рамазан республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы. Өзі де, шәкірттері де облыстық, республикалық әскери-патриоттық жарыстардың әрдайым көш басында жүреді. Биология пәнімен қоса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Эльмира Қадыржанқызы бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін, ата мен әженің мейірмахаббатын, отбасының жылуы мен шапағатын жоғары бағалайды. «Отбасымызда ұлттық құндылықтарды сақтауға, дәстүрімізді жаңғыртып, қазақы болмыстан алыстамауға мән береміз. Біз үшін үлкеннің де, кішінің көңілі қымбат, сондықтан көңіл айнамызды кірлетпеуге тырысамыз. Балалардың әрқайсысына тұлға ретінде қарап, олардың да жауап-кершілігі барын сезіндіреміз. Әрине, әулетіміздің бойтұмары ән мен әуен болғандықтан, өнерге деген ықылас ерекше. Ұл мен қызымыз Балалар шығармашылығы орталығында домбыра сыныбында оқиды, «Домбыра сазы» ансамблінің мүшелері. Үлкен үшеуі би үйірмесіне қатысып, шешен биін меңгеріп жүр»,– дейді ол.

Отбасы мен Отан ұғымын үндестіріп, маңдай терлерін ел игілігіне арнап, саналы ұрпақ өрбітіп отырған осындай әулеттермен қазақ елі ғұмырлы, тұғырлы екені сөзсіз.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.