Мемлекеттік қызметшілер пікірсайысы

Мемлекеттік қызметшілер пікірсайысы

«Адал азамат» идеологемасы аясында мемлекеттік қызметшілердің көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, командалық жұмыс дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ адалдық пен кәсіби әдеп қағидаттарын нығайту мақсатында ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында өңірлік пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.

Қазылар алқасының мүшесі Айжан Ерғалиева өзгенің ойын тыңдап, өз ұстанымыңды мәдениетті әрі дәлелді жеткізе білу де өнер екенін ескертіп, пікірсайыс ережесімен таныстырды. Абайдың тағылымды ұстанымымен үндескен пікірсайыс алаңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, шешендік шеберліктері мен сыни ойлау қабілеттерін танытты. Сонымен қатар пікірсайыс барысында өзара құрмет, командалық бірлік және кәсіби әдеп құндылықтарына ерекше мән берілді.

Пікірсайыс қорытындысы бойынша 1-орынды Текелі қаласының бизнесті қолдау және туризм бөлімі мен Текелі қаласы кәсіпкерлік бөлімінің құрама командасы иеленсе, 2-орын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің командасына, 3-орын Текелі қаласы әкімінің аппараты мен экономика және қаржы бөлімінің командаларына бұйырды.

Жүлдегерлерге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің дипломдары табысталды.

«Германиядағы Кеңес әскері тобы мен Варшава келісімшарт әскері тобы ардагерлері» РҚБ Жетісу облысының төрағасы Тілек Байқадамов: «Осындай тағылымды шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, адалдық, жауапкершілік, парасаттылық пен азаматтық ұстаным құндылықтарын нығайтуға жол ашады», – деп атап өтті.

Пікірсайысқа қатысқан мемлекеттік қызметшілер белсенділік, ұтқырлық, ізденіс және мазмұнды ой өрнегімен кәсіби шеберліктерінің деңгейін көрсете білді.                   

Камила СЕЙТНҰР

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.