Рухани мұра

Дана Абайдың 175 жылдық мерейтойы қазақ руханияты үшін олжалы болды. Үлкен олжаның бірі – белгілі теолог, философ, абайтанушы, Текелі қаласының тұрғыны Досым Омаровтың «Абай мұрасын қолдану жолдары» кітабы.
Рухани мұра

Басқа ғылыми-философиялық, дүниетанымдық еңбектерін айтпа-ғанда, «Абайтану курсы», «Ұлылар үндестігі», «Абайтану», «Абайдың рухани мұрасы», «Шәкәрім шыңы», «Шәкәрімнің үш анығы» кітаптарын жарыққа шығарған автор оқырманын Абай әлемін тануға бастайды. Кітапта адамзат өркениетінің құлдырауы, еліміздің бүгінгі өтпелі кезеңнен шығу жолдары Абай ілімі аясында көрсетілген. Рухани жаңғыру мәселесі сараланып, қазақтың ұлттық кодының қалыптасуы, білім алу сырлары, адам өмірінің түпкі мақсаты мен оған жету жолы айқындалған. Абайдың «толық адам» ілімі талқыланып, қазақтың ұлттық идеясы ұсынылған. Д.Омаров осы кітап жайлы adebiportal.kz сайтына берген сұхбатында: «Бұл еңбектің негізгі мақсаты – Абай ұлылығын қоғам өмірінде қолдану жолдарын көрсету. Болмыс – өмір қажеттілігін түгел қамтитын құбылыс. Абайдың ұлылығы да осы болмыспен біртұтастығы, оны толық қамтитындығы. Сол себептен де Ұлы Абай мұрасы өмірдің қандай күрделі сұрағы болса да жауабын беріп, мызғымас тірегіміз бола алады. Оның рухани шапағатынан әркім өзіне тиесілі керегін алады. Хакім Абай шығармаларынан мектеп оқушысы болсын, үлкен ғалым болсын, тіпті кім болса да өзінің аңсағанын тауып, ләззаттанатыны осыдан болса керек.

Оған қайта үңіліп, зер сала отырып, тереңірек ойлап қарасақ, бүгінгі рухани жаңғырудың негізін де данышпан мұрасынан көре аламыз. Абай мұрасының осындай кеңдігі неде? Оның кеңдігі – Абай ілімінің рухани және заттық болмысты бірдей қамтитын толық білім болуында.

Абай мұрасының ішкі және сыртқы мәні бар. Оларды айыра білу керек. Ұлы мұраның ішкі мәні жердің астында көмулі жатқан қазына тәрізді. Сол мәнді тауып, асыл қазынаны керегімізге жарата алсақ, Абайдың әлемдік деңгейін түйсіне аламыз», – деп айтты. Абайды танығысы келетін, жан-дүниесіне рухани сілкініс жасап, тазарғысы келетін әр адам Досым Омаровтың «Абай мұрасын қолдану жолдары» кітабынан өз сүрлеуін табары анық.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.