Кемеңгер кемел ақынға арнау

Абайдың 175 жылдық мерейтойында Алматы облысында ұйымдастырылған «Абайға арнау» мүшәйрасына қатысқан ақындардың жүз өлеңі таңдалып, «Адамзаттың Абайы» атты жыр жинағы жарық көрген болатын. Сол кітапқа енген текелілік ақын Қыдыр Байдүйсеновтің өлеңін жариялап отырмыз.
Кемеңгер кемел ақынға арнау

Кемеңгер кемел ақынға арнау

 

Ақыл-ой адамзаттың мұрағаты,

Данышпан Абай өзі ұлағатты.

Мол мұра, мәңгі өлмес еңбегімен,

Ұлылар қатарында тұрар аты.

 

Даналық сөзі айтылар ертелі-кеш,

Ғалымның атындағы хаты өлмес.

Кемеңгер кемел ақын, хакім Абай,

Жасаған халқыменен жүз жетпіс бес.

 

Данышпан, ерек тұрған ақыл-ойы,

Білім мен өнер тұнған тұла бойы.

Күмбірлей күйге бөлеп дала төсін,

Басталып кетті міне, Абай тойы.

 

Шыңғыстың биігіне өрлейін бір,

Шашусыз ұлы тойға келмейін құр.

Ағайын, рұқсат болса алдарыңда,

Абайға сілтеу жасап сөйлейін бір.

 

Көңілім байыз тауып қалай жатпақ,

Жыр-шашу келген едім тойға сақтап.

Бәйгеге үкілеген үміт қостым,

«Қыран құс не алмайды, салса баптап».

 

Ұлының даналығын ескермедім,

Зер сала, терең бойлай, «тексермедім».

Абайды аз уақытта танымақ боп,

«Қолымды әттеген-ай, кеш сермедім».

«Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман»,

«Шошимын», қаулап өскен «жемқорлардан».

Билікке қол жеткізбек әр пенденің,

«Параны» бірі бергіш, бірі «аларман». 

 

«Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,

Алса да, алғысы кеп, тағы қоймас».

Дегені сол заманда ұлы Абайдың,

Бүгінгі «жемқорлар»-ау, «қарны тоймас».

 

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін».

Қайта-қайта зер салам әр сөзіне,

Мағынасын түсініп, сезбек үшін.

 

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ»,

Кермеде тарпынған соң шабыс сұрап.

Қосып ем жыр тұлпарын аламанға,

Бір үміт, бір күдіктен намыс құрап.

 

«Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,

Нең кетеді жақсы өлең, сөз айтқаннан».

Деген сөзі Абайдың демеу болып,

Өкінбеспін бәйгеден құр қайтқаннан.

 

«Жүрегімнің түбіне терең бойла»,

Нашар болса өлеңім «кінә қойма».

Көп сөздерін Абайдың пайдаланған.

Сөзге кенде пақырмын, «оны да ойла»...

Қыдыр БАЙДҮЙСЕНОВ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.