Әз Наурыздың өрнегі

Табиғат-ана қайта жанданып, күннің нұры қуаттана түскен шақта ақ түйенің қарны жарылған үлкен қуаныш, тағылымы мол той – Наурыз мейрамы ерекше салтанатпен аталып өтілді. Көрісу күнінен басталған мерекелік онкүндік Текеліде ұлан-асыр «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мейрамына ұласты.
Әз Наурыздың өрнегі

Ұлық мерекеде ұлттық болмыс, салт-дәстүрлер жаңғырып, береке мен молшылықтың, дархандық пен жомарттықтың мерейі үстем болды. Тәуелсіздік алаңына мерекелік көңіл-күй ала келген жұртшылық екі жыл бойы емін-еркін қауышуға тұсау болған індеттің беті қайтқанына қуанысты, Ұлыстың Ұлы күнінде арқа-жарқа болып, ақ тілектерін ақтарысты. Қала әкімі Б.Молдахметов пен қалалық мәслихат хатшысы Н.Калиновский жиналған қауымды ыстық ықыласпен құттықтады.

Ақсақалдар бата беріп, түбіне ақ құйылып, ағаш көшеті отырғызылды. Ақ шаңқан киіз үй мен шатырларда көл-көсір дастархан жайылып, ұлттық тағамдар мен наурыз көже ұсынылды. Ұлттық қолөнер, әдет-ғұрып, салт-дәстүрден сыр шертетін көріністер қойылды. Қаладағы этно-мәдени орталықтар да ұлттық тағам, қолөнер, салттары мен ән-билерін дәріптеп, мереке айшығын аша түсті. Көркемөнерпаздар ұжымының театр-ландырылған қойылымы мен мерекелік концерт көңілдерді аспандатып, көрерменді тамсантты. Ұлттық ойын түрлерінен өткен спорттық жарыстар Ұлыс тойының көрігін қыздырды. Осының бәріне куә болып, қыз-қыз қайнаған шараларға қатысып, наурыз көжеден дәм татқан текеліліктер тоқ пейілмен тарқасты.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.