Тіл мен діл тәрбиесі

Ақ түйенің қарыны жарылып, көл-көсір тілектің тиегі ағытылып, ел-жұрт арқа-жарқа болатын Наурыз мейрамы қарсаңында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Текелі қалалық филиалында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты тыңдаушылар арасында сайыс өтті.
Тіл мен діл тәрбиесі

Алдымен филиал меңгерушісі Айгүл  Қалысбаева жиналған қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, береке-бірлігі жарасқан елімізде қоныс тепкен өзге этнос өкілдері қазақтың тілін үйренумен қатар, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын біліп, құрметтейтінін атап өтіп, ұлттық мейрам орайында орталықта тіл үйреніп жүрген текеліліктер таным-білімдерін, өнерлерін ортаға салатынын жеткізді, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Әз Наурыздың әрін кіргізіп, сән-салтанатымен келген қатысушылар үш топқа бөлініп сайысты. Шарт бойынша әр топ өздерін таныстырып, ұлттық киім үлгілерін көрсетті, дайындап әкелген ұлттық тағамдарымен таныстырып, жасалу жолдарын айтты, қазақтың салт-дәстүрлерін паш етті, әдет-ғұрып, таным, сенімге байланысты сұрақтарға жауап беріп, өнерлерін көрсетті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, зейнет жасына келсе де, қазақ тілін үйренуге құлшыныспен кіріскен, ізінен ерген буынға өнеге көрсетіп жүрген Софья Ли, Жұмагүл Байганусова және Ирина Пономарева тобы «Алтын жас», Андрей Диппель мен Виктория Савинцеваның тобы «Жалын», Олеся Бугрова, Жаклин Ростовецкая, Нина Суковаткинаның тобы «Достық» деп аталды.

Шара барысында қазақ, украин, кәріс халқының ұлттық киімдері көрсетілді, сырға салу, тұсау кесу, бата беру дәстүрлерінен көрініс қойылды, көпшілік бауырсақ,  құрт, ірімшік, қатық, шұбат, наурыз көже тағамдарынан дәм татты, шашу шашылды. Өнер сайысында орыс қыздары билеген «Қара жорға» биіне қатысушылар мен көрермендердің бәрі қосылып, Наурыз тойының тамаша бір тынысын танытты. Үш топ та ойларын барынша қазақша жеткізіп, орталықта алған білімдерін пайдалануға тырысты. Сайысқа қазылық еткен тіл мамандары М.Дәуренбаев, Ғ.Жаңбырбаева, А.Әлімбаева үш топқа да мақтау қағаздарын табыс етті. «Алтын жас» тобы жеңімпаз атанды. Мереке соңында қонақжай қазақ халқының ұлттық тағамдары мен наурыз көже қойылған кең дастархан жайылып, ақжарма тілектер төгілді.

Торғын  ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.