Заңғар тұлға

Сөзден інжу-маржан тізген ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл. Қазақ ауыз әдебиетінің қайнар көзі болған тұлға 1846 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл тауында дүниеге келген.
Заңғар тұлға

...Байғара, Жамбыл,

Ханда мен туыппын,

Жамбыл деп қойылыпты атым сонан»

– деп «Менің өмірім» атты жырында дүние есігін ашқаны жайлы толғаған, «ХХ ғасыр Гомері» деген бағаға ие болған Ж.Жабаев балалық шағын былай сипаттаған: «Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесікпен ала жүрді». Жастайынан күмбірлеген домбыраның үнін 5 жолды өлеңмен қауыштырып өнерге аңсары ауып тұрған. Өнерге құштар болғанымен ауыл молдасынан білім алуды қош көрмеген. Есесіне, үлкендер бас қосқан жиын-тойларда абыз-ақсақалдардың әңгімесін зердесіне құйып өсті. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

   Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, «жиырмасыншы ғасырдың Гомері» деп баға берген екен.
Ал, Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған.

Жыр алыбының шығармашылық тұрғыдан шарықтау шегі 90 жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның он-күндігінің шымылдығын ашқан. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл ата сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталады.

Әдеби тау тұлғаның шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып шартарапқа тарады. Көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын әлемге паш етті. Ешкімге ұқсамайтын өнегелі ғасыр ғұмыр жасаған Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда өмірден өтті.

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.