«Ақ қауырсын»: Танымы бөлек, ойы ерек дарындар дараланды

Жетісулық жүйріктер Алматы облысы әкімінің жүлдесі үшін ой жарысының аламанына түсті. Аймақ басшысының «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін өткен «Тіл – ғұмыр» облыстық байқауда топ жарғандардың есімі белгілі болды.
«Ақ қауырсын»: Танымы бөлек, ойы ерек дарындар дараланды

Өңір бойынша 4-ші рет өтіп отырған бәйгеге  20-45 жас аралығындағы жалпы саны 62 үміткер қатысты. Оның 45-і поэзия бөлімінде ат оздыруға үмітті болса, проза бағытында 17 шығарма қазылар алқасының талқысына берілді. 

 От ауызды, орақ тілді ақындардың артынан ерген азаматтардың бір парасы «Тіл және Тәуелсіздік» және еркін тақырыпта өлең  арнаған. Ал қалғандары

  «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ел бірлігін насихаттауға туралаған туындыларын сайысқа қосып жатты.

Қара қылды қақ жарған, әділ қазылар алқасының құрамында «Жетісу» телеарнасының бас директоры, журналист Серік Сарыбай, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Алматы облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлбақыт Қасен, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Айнұр Төлеу, «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Тұңғатар, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері Жеңіс Жолдыбаев болды.  Әдеби ортаның қазанында қайнаған кәсіби мамандар, «сен тұр, мен атайын» деген үздіктердің ішінен кіл мықтыны, сүт бетіндегі қаймақтай қалқып берді. 

Әдебиет айдынындағы бәсекеге түкпір - түкпірден қаламды серік еткен азаматтар қатысты. Олардың ішінен  Проза жанырында облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбай, ал поэзия бағытында аталған мерзімді басылымның тағы бір оғланы, Асыл Сұлтанғазы 1 орыннан көрініп, «Ақ қауырсын» жүлдесін қанжығаларына байлады.  Ришад Тұрғанбайдың шығармасы өмірден алынған шынайылығымен, ал жас ақын Асыл Сұлтанғазының өлеңі өзіндік бояуымен бас бәйгені еншілеуге сеп берген.

Сонымен қатар, прозада Есболат Айдабосын, поэзия жанырында қара өлеңмен тілдің тағдырын өрнектеген Медет Байжұма екінші орынды еншіледі.

Поэзияда, алакөлдік Нүсіпхан Қадырсұлтан мен Көксу ауданының тұрғыны Шұғайып Ақын 3 орынды өзара бөліссе, прозада қараталдық қаламгер, Асхат Өмірбаев үздік үштікті қорытындылады.  

Тілі көркем, ойы ерек, танымы бөлек, қаламынан төгілген әр сөзінің шоқтығы биік деген, арда өнерді ардақтаған жандарды іріктеп алғанымен оларға айтар сында табылды.

 «Байқауды ұйымдастырудағы мақсат қаламгер қауымға серпін беру еді.  Бірталай шығармалар келіп түсті, оның арасында көшірме туындылар да кездесті. Сөз маржаны төгілген керемет өлеңді оқыдық деп айта алмаймыз. Әдеби ортада жүргенімен, додаға атүсті қарағандарда байқалды. Жетісу өлкесінің өзіне тән сөйлеу мәнері, ұйқастағы сарыны, ерекше қолтаңбасы болуы керек. Бар қазақтың аузында айтылатын өлең-жыр өз өлкеміздің ақын, жазушыларының қаламынан туындаған дүние болуы тиіс. Осы  мүддеге жұмыс жасауымыз керек. Жүрдім-бардым қарауға болмайды»,- деді қазылар алқасының мүшесі Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев.

Қазыларды қынжылтқан нәрсе ақындардың «тілім-айбарым», «жүрегім» деген жауыр болған сөз тіркесінен аса алмағандары екен. Оны да салтанатты кеште қазылар қарашаның алдында ашып айтты.

 Айта ктейік, ендігіде «Тіл – ғұмыр» мен «Ақ қауырсын» екі бөлек байқау ретінде өткізілмек. Бұл өз кезегінде өңірдегі әдебиеттің деңгейін көтеріп, «сөз қадірі, өз қадірім»дейтін  ақын-жазушылардың  бәсекеге деген қабілетін арттырып, облыстағы көркем әдебиеттің беделін асқақтатпақ.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.