Абай ескерткіші Талдықорғанда

Ұлыстың Ұлы күнінде Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдында Абай ескерткіші ашылды.
Абай ескерткіші Талдықорғанда

Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Парламент Сенатының депутаттары, Абай облысынан арнайы өкілдер, Құнанбай қажының тікелей ұрпағы Хусман Верлишев және өнер майталманда-ры, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. 

Б.Римова атындағы драма театры әрістерімен бірге өнер көрсеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Болат Әбділманов Абай бейнесін шебер сомдап, хакімнің «Қара сөздерінен» үзінді оқыды. Абай ескерткіші ашылуының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен символдық мән бар екенін атап өткен облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұл – руханияттың ғұмыры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің  нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай – қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныштардың қатар келуі заңды», – деді.

Жалпы ескерткіштің тұғыры гранит пен мәрмәрдан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры – 5,3 м, мүсіні – 3,6 м. Ескерткіштің сәулетшісі – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі – Мейірлан Әзмағанбетов.

Ұлттық рух асқақтаған салтанатты шарада Құнанбай әулетінің ұрпағы Хусман Химратұлы жиналған қауымға ақ батасын берді. Ақын рухына тағзым еткен жұртшылық еңселі ескерткішті тамашалап, гүл шоқтарын қойды.  

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.