Бақ-береке бастауы

Бүгін күнтізбе бойынша Наурыз айының соңғы күні. Бірақ, жер арқасы кеңіп, наурыз көжеден дәм татқан халқымыз Наурыз мейрамын әлі атап өтіп жатыр. Мейрамның мәні бір күндік ойын-сауық емес екенінің дәлелі бұл. Құшақтасып көріскен, қыстан қалған дәмін бөліскен, өкпе-реніш ұмытылып, арқа-жарқа болған, бұлақ көзін ашып, жерге шыбық қадаған, үй-жайды, маңайды айнадай қылып тазалаған жұртшылық мәре-сәре.
Бақ-береке бастауы

Бүгін-ертең жасыл желегін жамылып, жасанып шыға келетін Текелі қаласының тұрғындары да қар астынан шыққан қоқыстарды тазалап, тамаша көңіл-күйге көшіп жатыр. Үйінің маңайын тазалап үлгермегендер қазір-ақ білек сыбанып іске кірісуге болады. Өзіңізге де, қалаға пайдалы. Таза, әдемі қалада өмір сүрген қандай жақсы! 21 наурызда орталық көшені бойлай тігілген ақ шаңқан үйлер, қызылды-жасылды киінген көпшілік көздің жауын алып, көңілді аспандатты емес пе?! Шырайлы шаһардағы ұлан-асыр Наурыз тойы Қора өзенінің жағалауына ағаш егуден басталды. Ақ жаулықты әжелер түбіне ақ құйып, қаланың қазыналы қарттары, құрметті азаматтары, қала әкімі, бөлім басшылары, спортшылар 40 түп қарағай, шырша көшеттерін отырғызды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, ұрпақ санасына сіңсін деген ниетпен көп-
шілік назарына ұсынылды. Қаз-қаз басқан сәбидің тұсауы кесіліп, ақсақалдың батасын алды. Киіз үйлерде көл-көсір дастархан жайылып, қонақтарын төрге оздырды. «Швейцария», «Сұлтан», «Алтын», «Бәй-терек» мейрамханалары, «VUSLAT», «Жасыл әлем», «Jetisu Resort&SPA» кешендері тойшыл қауымға ырыс-береке мен молшылықтың белгісі, қасиетті жеті түрлі дәм салынып пісірілген Наурыз көже мен ыстық бауырсақ ұсынды.

Тәуелсіздік алаңындағы сахнада Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жылы лебізін жет-кізді. Қала өнерпаздары және Қазақстан эстрада жұлдыздары ән мен биден шашу шашты. Қолөнер шеберлерінің көрмесі де көпшілік көзайымына айналды.

Бұл Наурызда жеңімпаздарға қомақты қаржы тігілген ұлттық спорт жарыстарының көрігі қызды. «Күш атасын танымас» демекші, білектілер мен жүректілер түйе көтеру, қошқар көтеру, қазақша күрес, түйе палуан, арқан тарту, гір көтеру, ләңгі тебу, асық ату, қол күресі жарыстарына қатысты. Әсіресе, тайлақ көтеру сайысы тартысты өтті. Андас Самарқанов мойнына көтеріп 106 метр жүріп, жеңіп алған тайлағын үйіне жетелеп қайтты. Мәулен Оралгелдинов болса, бәсекелестерінен озып, ай мүйізді қошқарды 200 рет көтеріп, қошқарды олжалады. Ұлттық ойындардың жүлдегерлері ақшалай сыйлыққа ие болды.

Түстен кейін қаланың кіре берісінде көкпар тарту, аударыспақ, қыз қуу секілді қазақтың ұлттық ойындарының додасы қызып, жанкүйерлерін баурады. Мұнда да жеңімпаздарға ақшалай жүлде тігілді. Әсіресе, көкпар шабандоздарының салым салған сайын қанжығалары майланды.

Мейрамның қызығы той-думан, ән-күй, жарыс болса, бақ-берекенің бастауы жақсы сөз бен ізгі тілекте, тазалықта екенін де есте ұстайық.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.