«Мизам» – кітапқа құштарлық мектебі
Кітаптың заманға тигізер пайдасы бар ма? Міне, осы сұраққа жауап іздеп, кітапты өмірлік азық әрі серік еткен қос дәріскер Жетісу төрінде «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебін ашқан болатын. Жақында осы жобаның үшінші маусымы қорытындыланды.
«Мизам» мектебі оқушыларды тек кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, темірдей тәртіп пен жауапкершілікке баулиды. Аты айтып тұрғандай, бұл жоба аясында дәріскерлер екі қала, сегіз ауданды шаршамай-шалдықпай аралап, оқушыларға бетпе-бет сабақ берді. Олардың бірі – облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Жұматай Оспанұлы. Тәжрибелі маманның жастар тәрбиесіне тікелей атсалысуы жобаның деңгейі мен маңызын арттыра түсуде. Жоба авторы Мұхтар Күмісбектің айтуынша, бұл – ұлтқа қызмет етудің бір парасы. Ол өскелең ұрпақтың санасына бір-тіндеп сәуле шашып, кітапқа деген құштарлықты қайта-қайта оятуды көз-дейді.
Мектептің оқу жүйесі негізгі бес тармақтан тұрады:
Мимен келісім жасау. Адам өз миымен «дәл қазір оқимын» деп келісімге келуі керек. Басқа істерге алаңдамай, нақты уақытты кітапқа арнау – ең басты қадам.
Мақсат қою. Оқушы «осы кітапты соңына дейін оқып тауысамын, ішіндегі құнды ойларды түйемін» деген нақты мақсатты ұстануы қажет.
Жоспар құру. Бір кітапты көлеміне қарай бір айға немесе он күнге бөліп, жүйелі оқу жоспарын жасау.
Тәртіп. Алған беттен қайтпай, оқуды тоқтатпау. Егер 21 күн бойы осы тәртіпті сақтасаңыз, ол күнделікті әдетке айналады.
Есеп беру. Оқушы өзіне есеп беріп қана қоймай, WhatsApp желісі арқылы дәріскерге оқығанын баяндап отырады.
Сонымен қатар, жоба аясында оқу-шыларға көбінесе қазақ әдебиетінің жауһар туындыларын оқуға кеңес беріледі. Бұл – қазақ руханиятының түп-нұсқасын сақтап қалуға және ұлттық құндылықтарымызды заман талабына сай қайта айшықтауға зор мүмкіндік бермек. «Мизам» мектебі жас ұрпақтың бойына ана тілінің нәрін құйып, төл әдебиетіміз арқылы ұлттық кодты нығайтуды басты мұрат етеді. Мұндай тың бастама Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр, сондықтан өзге өңірлердің де бұл жобаға қызығушылық танытуы – қуантарлық жайт.
Дәріскерлер оқушының дамуын үнемі қадағалап, кері байланыс орнатады. Ал топтан озып, үздік шыққан оқушыларды ақшалай сыйлықтармен марапаттап, қуантып отырады. Мен «Мизамның» үш маусымына да белсене қатыстым. Бірінші маусымында бас жүлдеге ие болып, «Үздік оқырман» кәдесыйына және қаржылай сый-сияпатқа ие болдым. Екінші маусымда «Үш айда – үш кітап» байқауына қатысып, арнаулы медальмен марапатталдым. Осы маусымның да жабылу салтанатына шақырылып, жеңімпаз атандым. Жобаға қатысқан сіңлімнің де кітап оқуға құштарлығы артты. «Мизам» мектебі қаншама оқушыға рухани байлық сыйлады.
«Мизам» әдебиет мектебінің тек Жетісу өңірінде ғана емес, болашақта республикалық деңгейде қанат жайып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды кітап білімімен сусын-дататынына сенемін. Жобаның бірегейлігі мен әлеуеті жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін қайта жандандырып, ұлттық мәдениетімізді сақтауға зор үлес қосады.
Ақмарал Бекейқызы, «Journiverse» білім беру орталығының оқушысы
