Үміт пен арман жетелеп...

Биылғы оқу жылы әдеттегіден бір аптаға созылып, соңғы қоңырау салтанаты Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. 1 маусым күні мектептерде соңғы қоңырау соғылып, оқушылар жазғы демалысқа шықты, түлектер өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Бүгінгі жас түлектердің алдында таңдау көп, мүмкіндер де жетерлік. Кеше ғана тұлымшақтары желбіреп, тай-құлындай тебісіп, білім мен тәрбие нәрін сіңіре жүріп, еркелеп те үлгеретін ұл-қыздардың алдында үлкен жауапкершілікке толы болашақтың даңғыл жолы жатыр.
Үміт пен арман жетелеп...

Текелі қаласы мен Рудничный ауылындағы мектептерде осы оқу жылында 4739 оқушы білім алып, 187 түлек мектеп қабырғасымен қоштасқалы тұр. 19 оқушы «Үздік аттестатқа», 12 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Барлық мектепте өткен соңғы қоңырау салтанатында ұстаздар, ата-аналар жас түлектерге ерекше ықылас танытып, құттықтауларын арнады. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып бара жатқан алтын ұяларына деген қимастық, білім мен тәрбие берген ұлағатты ұстаздарға шексіз ризашылық сезімі толқытқан жас түлектер де жүрекжарды лебіздерін жеткізіп, ән салды, би биледі. Алдыңғы толқынға қарап бой түзеп келе жатқан оқушылар аға-әпкелеріне қызыға көз салып, көңіл төрлеріндегі үміт пен арманға терең білім қазық болатынын сезіне түскендей. Бүгінгі мектеп түлектерінің орнын ертең-ақ өздері басады, сөйтіп, өмір көші жалғасады. Алтын ұяларынан қанаттанған шәкірттер үшін қай кезде де мектеп пен ұстаз бағасы биігін сақтап қалады, қоңыраудың сыңғыры жадыларында балалық шақтың жарқын үні болып сақталады. 

Соңғы қоңырау салтанатында Текелі қалалық білім бөлімінің басшысы Нариман Естібаев ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды мерекемен құттықтап, жас түлектерге: «Осы күннен бастап  өмірлеріңізде жаңа кезең басталады. Саналы таңдау жасап, өз күштеріңізге  сенім артатын кез келді. Балалық шақ мектеп табалдырығында қалады, енді ересек өмірге қадам басасыздар. Алда әркімнің өз жолы күтіп тұр. Бүгіннен бастап барлық шешімдерді өздеріңіз қабылдайсыздар. Болашақ өмірлеріңіздің қалай болатыны тек өздеріңізге байланысты. Тау баласы болған соң әр игі істе биік, білім алар кезде заңғардай талғампаз, сөйлер кезде таудай биік, арлы болыңдар.Туған жерге,туған елге тағзым етуді естен шығармаңыздар», – деді.

Енді оқушылар жазғы демалыстың қызығына шомылса, түлектердің алдында маңызды сынақ тұр. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, негізгі орта мектепті бітіруші 9-сынып оқушыларының қорытынды бітіру емтихандары 2023 жылғы 2-13 маусым аралығында белгіленген. 14 маусымда мектеп қабырғасында негізгі орта мектепті бітірушілерге аттестат табыстау салтанаты өткізіледі. Өйткені, негізгі орта мектеп түлектерінің көпшілігі одан әрі мамандық алу мақсатында колледждер мен кәсіптік мектептерге түсуге құжат тапсырады. Ал жалпы орта мектепті бітіретін 11-сыныптарда емтихан 5-19 маусым аралығында, аттестатты салтанатты табыс ету 21 маусымда өтеді деп жоспарлануда.

Биылғы мектеп бітірушілер ақылы жоғары оқу орнына түсу үшін екі рет, ақпан, наурыз айларында, ҰБТ тапсырды. Мемлекеттік грант иегері иегері атану үшін де екі мәрте ҰБТ тапсыруға мүмкіндік алды.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.