ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын! Осындай қасиетті күндері жасаған дұға-тілектеріңіз, тағат-ғибадаттарыңыз қабыл болғай!
ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

Адам баласының өмірі белгілі бір кезеңдерден тұрады. Сәби кезінде әлсіз болып дүние есігін ашып, жастық шағында бойына жігер бітіп, қартайғанында қайтадан бойын әлсіздік билейді. Қасиетті Құранның «Рум» сүресінің 54-аятында Алла Тағала:

ٱللَّهُ ٱلَّذِى خَلَقَكُم مِّن ضَعْفٍۢ ثُمَّ جَعَلَ مِنۢ بَعْدِ ضَعْفٍۢ قُوَّةً ثُمَّ جَعَلَ مِنۢ بَعْدِ قُوَّةٍۢ ضَعْفًا وَشَيْبَةً ۚ يَخْلُقُ مَا يَشَآءُ ۖ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْقَدِيرُ

«Ол сондай Алла! Сендерді әлсіз етіп жаратты, одан соң әлсіздіктен қуаттандырып, күшейтті. Одан соң күштіліктен әлсіретіп кәрілік берді. Алла нені қаласа, соны жаратады, Ол шексіз білім иесі, теңдессіз құдырет иесі», – деп айтқан. Осыған ұқсас «Ясин» сүресінің 68-аятында:

وَمَن نُّعَمِّرْهُ نُنَكِّسْهُ فِي الْخَلْقِ ۖ أَفَلَا يَعْقِلُونَ

«Сонымен қатар Біз кімге ұзақ ғұмыр берсек, оны жаратылысында әлсіретеміз. Олар сонда да ақылға салып ойланбай ма?», – деген.

         Бұл аяттар шынымен де, біздерді ойлануға шақырады. Қазір бойында жігері тасыған жас адам ертең қартайып, өзі де жәрдемге мұқтаж болады. Кімде-кім жастығында үлкендерге құрмет көрсетсе, ертең қартайғанда өзі де сол құрметті көретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا أَكْرَمَ شَابٌّ شَيْخًا لِسِنِّهِ إِلَّا قَيَّضَ اللَّهُ لَهُ مَنْ يُكْرِمُهُ عِنْدَ سِنِّهِ

«Қандай да бір жас адам жасы үлкенді құрметтейтін болса, қартайған уақытында Алла Тағала оны да құрметтейтін біреуді жібереді» – деген

(имам Тирмизи).

Осы себепті де қазақ халқы: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» немесе «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп, ұрпағына әрдайым үлкендерді құрметтеуді үйреткен. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев:

«Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», – деп,  үлкен адамдардың қонақ екендігін ескертіп, оларды құрметтеуге шақырған.

         Ендеше, әр мұсылман жасы үлкен адамды құрметтеп, оларға қатысты мынадай әдептерге назар аударуы қажет:

Бірінші: Құрмет көрсету

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл турасында:

لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرْحَمْ صَغِيرَنَا ، وَيَعْرِفْ شَرَفَ كَبِيرِنَا

«Кім кішімізге мейірімділік танытпаса, үлкеніміздің қадірін білмесе, онда ол бізден емес», – деп айтқан (имам Тирмизи).

Алла елшісі үлкендерге құрмет көрсетудің әрдайым кемел үлгісі болатын. Ол кісіге (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлдебіреу

сүт немесе су әкелген болса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі аз ғана ішіп, кейін оң жағында отырған кісіге беретін болған. Егер оң жақтағы кісінің жасы кіші болса, одан рұқсат сұрап үлкен кісілерге ұсынатын еді.

Атақты табиғин Таус (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Мына төрт кісіге құрмет көрсету сүннеттен: ғалымды, қарт кісіні, басшыны және ата-ананы», – деген екен.

Ата-бабаларымыз үлкенді құрметтеу мәселесіне үлкен мән берген. Мысалы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабында, Текебай мен Қабылбектің арасындағы болыс сайлауы болған кездегі дау суреттеледі. Екі жақты егес кезінде Текебайдың баласы Қабылбекке тіл тигізеді. Қабылбектің жасы үлкен болғандықтан, баласы жасы үлкен адамға тіл тигізгені үшін әкесі елу атты адаммен барып, Қабылбектен кешірім сұрайды. Жасы үлкен болса да, өзінен кешірім сұрап кеп тұрған Текебайды Қабылбек «Текті би» деп құрметтеп, жылқы сойып күтіп алып, ардақтап шығарып салады.

Жалпы үлкенді құрметтеуге: бірінші болып сәлем беру, көпшілікте орын беру, дастархан басында төрге шығару, жүргенде артынан жүру, тек жол көрсету мақсатында болса, алдында жүру, өтінішін жерге тастамау, көшеде кездесіп қалса жәрдемдесу сияқты т.б. істер жатады.

XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Фон Шварц қазақ қоғамы жайында былай деп жазған екен: «Сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер-азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді. Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды».
Екінші: Жасы үлкен адамға бірінші сөз беру

«Әке тұрып, ұл сөйлегеннен без, үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» демекші, жасы кіші адам үлкеннің сөзін бөлу, рұқсат сұрамай одан бұрын сөйлеу әдептілікке жатпайды. Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше сахабалары келіп, өздерінің жағдайын айтпақшы болғанда, олардың арасындағы жасы кіші болған Әбдурахман ибн Сәһл бірінші болып сөйлей бастайды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كَبِّرِ الْكُبُرَ

«Үлкенді құрметтеңдер», – деп, оған ескерту жасайды (имам Бұхари).

Жастайынан Исламның көркем мінезін бойына сіңіріп өскен Абдулла ибн Омар (әкесі екеуіне Алла разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманға ұқсайтын бір тал бар. Оның жапырақтары түспейді.  Ол қандай тал екендігін маған кім айтады?» – деп сұрақ қойды. Адамдар шөл далада өсетін әртүрлі талдарды атай бастады. Мен ішімнен «ол құрма талы шығар» деп ойладым. Бірақ ойымды айтуға ұялдым». Кейін адамдар: «Иә, Алланың елшісі, ол қандай тал екендігін бізге өзіңіз айтыңызшы?!» – деп өтініш қылды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – құрма талы», – деп айтты» (имам Бұхари).

Бұл хадистен Абдулла ибн Омардың бойындағы үлкенді сыйлау, олардың алдында қымсыну, ұялу сипатының болғандығын көруімізге болады. Өйткені, ол кісі Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қойған сұрақтың жауабын білсе де, жасы үлкен сахабалардың алдында оны айтуға ұялған.

Үшінші: Үлкендерге қызмет көрсету

Қарт адам әсліз болғандықтан, белгілі бір қызмет пен жәрдемге мұқтаж. Олардың сол мұқтаждықтарын жастар жәрдемдесіп, қызметінде болу арқылы өтеулері тиіс. Даналық сөзде: «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», – делінеді.

Шаңырағында үлкендері бар үй – берекелі үй. Өйткені, шаңырақ иелері оларға тиісті қызметін көрсетіп, ризалығы мен ақ баталарын алуы арқылы дініміздің бұйрығын орындап, үлкен сауапқа кенелуге мүмкіндік алады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ مِنْ إِجْلالِ اللَّهِ إِكْرَامَ ذِي الشَّيْبَةِ الْمُسْلِمِ
«Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны құрметтеу – Алла Тағаланы ұлықтаудың бір түрі болып табылады», – деген (имам Әбу Дәуд).

Халқымыздағы: «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» демекші, үлкенді сыйлауға ата-аналарымыз ғана емес, олардың қарт туыстары мен дос-жарандары да кіреді.  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ أَبَرَّ الْبِرِّ أَنْ يَصِلَ الرَّجُلُ وُدَّ أَبِيهِ

«Құрмет көрсетудің ең жоғарғы түріне, адамның әкесінің жақсы көрген адамдарымен араласуы жатады», – деп айтқан (имам Муслим).

Абдулла ибн Динар (Алла оны мейіріміне бөлесін) мынадай оқиғаны жеткізеді: «Бірде Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) Меккеге барар жолда бір бәдәуиді жолықтырды. Абдулла әлгі бәдәуиге сәлем беріп, астындағы көлігін мінгізіп, басындағы сәлдесіне дейін шешіп берді. Біз «Алла Тағала сені жарылқасын! Бұлар бәдәуилер, азын-аулақ сыйға да разы болатын еді», – дедік. Сонда Абдулла: «Бұл кісінің әкесі менің әкем Омардың досы болған. Мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамның ең үлкен жақсылық амалы, әкесінің жақсы көрген достарының отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғаны», – дегенін естіген едім», – дейді (имам Муслим).

Алла Тағаланың әмірлерін бұлжытпай орындайтын мүмін  адам ешуақыт қарияларға құрметсіздік қылуына, көңіліне қаяу салуына, өтінішін жерге тастауына болмайды. Әйгілі Қашаған жырау:

«Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім», – деп айтқанындай, жастар қадірін білмеген қартты бабаларымыз жетімге балаған.

Қадірменді жамағат!

Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру – ата-бабаларымыздың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі болып табылады. Бұрынғы өткен даналар: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең: «менен жасы үлкен болғандықтан сауапты амалдары да менен көп болар» деп ойлап, оны сыйлай біл, өзіңнен жасы кіші адамды көрсең «менен жасы кіші болғандықтан күнәлі істері менен аз болар» деп ойлап, оны да сыйлай біл» дейді екен.

Алла Тағала қарияларымызға амандық, жастарымызға береке нәсіп етіп, бүгін қасиетті жұма күнгі дұға-ниеттерімізді қабыл еткей!

Текелі қалалық «Керімбек би» мешіті

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.