Имандылық – мұсылман келбеті

Иман деген не? Араб тілінде «әмәнә», етістігінен шығып илану, сену,бой ұсыну дегенді білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммет (с.а.у.) иман туралы: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, Оның кітаптарына, Оның елшілеріне, ақырет күніне иман келтіруің және тағдырдың жақсылығы мен жамандығына иман кетіруің», – дейді. Яғни, соңғы Елшінің әкелген барлық нәрсесін (Құран, хадистер, құлшылықтар, әмірлер мен тыйымдар) мойындап, қабылдау, жүзеге асыру дегенді білдіреді. Осы айтылғанды ескеріп, имам Әбу Ханифа (р.а) «Уәсия» атты кітабында иманға қысқаша мынадай анықтама береді: «Иман дегеніміз – тілмен айтып, жүрекпен бекіту».
Имандылық – мұсылман келбеті

Алла Тағала барша адам-затқа иман етуге бұйырды. Иман адамды жарату-шыға жақындататын бірден-бір жол. Жоғарыда айтылған алты шартты өз ішіне қамтитын иман адамның жүрегіне орнықса, екі дүниеде де бақытқа кенеледі. Ғалымдарымыз иманды адамның бойында: иманда үмітсіздік болмау, шариғаттан келген нақты үкімдерді жоққа шығармау, иман шарттарына қатысты түрлі күмәндардан сақтану және Алланың азабы мен кешірімінен бейқам болмау қатарлы төмендегі төрт қасиет болу керек деп есептейді.

Тағы бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, тек қана жақсылықты сөйлесін немесе үндемесін», – деген.

Демек, өзін мұсылманмын деген адам, көршісін сыйлап, қонағын құрметтеуі керек. Ал қазіргі таңда көпшілігіміз көршіні сыйлау былай тұрсын, танымаймыз. Келген қонақты сыйласақ та, артынан сөз айтамыз.

Ата-ананы құрметтеу де имандылық негіздерінен. Құран Кәрімде Алла Таға-ла өзіне иман етуімен қатар ата-анаға жақсылық жа-сауға шақырды: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды».

Сондықтан, барша мүмін-мұсылмандар Алланың алдына барғанда жүзіміз жарқын болсын десек, иманымыз бен амалымыздың кәмілдігіне ерекше мән беріп, қорғай білейік.

Адам баласында болуы тиіс және талап етілетін нәрсе – Алла адам етіп жаратқан соң, адамгершілік асыл қасиеттермен, көркем мінезбен адам болып өмір сүру. Мынау, қамшының сабындай ғана қысқы өмірде, адам баласы өзінің бойындағы адамгершілігімен, адал-дығымен, қайырымдылығымен және әдептілігімен, әділеттігімен ардақты болады.

«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, халқымыз қайырымды, мейірімді адамды «адамгершілігі мол адам» деп бағалайды. Мейірімді, қайырымды адам өзіне де, өзгелерге жанашыр болып, қол ұшын беруден жалықпайды. Кез келген адамның бойындағы адамгершілік қасиетті сол адамның иманы, рухани азығы, өмір арқауы, тірегі десек болады.

Иманды адам екен, имандылығы бар екен дегенде нені ұғынамыз? Әрине, бұдан адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, мейірім-ділікке тәрбиелеудің үлгісі байқалады. Имандылық осыларды жүзеге асырудың сара жолы, мектебі һәм көпірі іспетті. Қазіргі таңда бізге, жастарға, келер ұрпаққа керек имунитет, ол – имандылық. Кейде, қоғамда мешіт мұнараларынан естіліп жататын азан дауысына шағымданып жататындар да жоқ емес. Бұл олардың көкірек көздерін ғапылдық басып, жүректегі сенімінің әлсірегенін білдіреді. Біз алдымен жүректегі иман мәселесін дұрыс ретке келтірмей, басқасына көңіл бөлу ол тесік шелекке су құйғанмен тең.

Көпті көрген қариялар, ақылгөй ақсақалдар үнемі айтатын имандылық үлкенді силау, ар-ұятты, ожданды сақтай білу, инабатты болу секілді өсиет сөздер қазір азайып барады.

Шындығында  ар-ұят, ождан – иманның кілті. Халқымыз «ұят болады» сөзімен баланы тектеу арқылы ұятты істерден сақтанып жүруге баулығын. 

Пайғамбарымыз Мұхам-мед (с.а.у.): «Имандылық негізін жетпіс немесе алпыс тармақтан тұрады. Оның ең әлсізі жолдан зиянды нәрсені алып тастау. Ал күнәға барудан ұялу – ол имандылықтың бір бөлігі» – дейді. Хадистің мағынасына тереңірек үңілсек, бұл жайында Абай Құнанбайұлы 38-ші қара сөзінде: «Имандылық тек сену ғана емес, әділдікті арттыру мен әділетті іс істеу, ынсап, ұят бұл қабілеттен шығады» – деп ұяттың адам тәрбиесіндегі рөлін айқындай түседі.  Әдетте, дұрыс және пайдалы сөз айтудың және айтқан сөзінде тұрудың  маңызы зор. Бұл турасында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) «Ойы арам, айлакер, сөзінде тұрмайтын жандар тозақтың отына күйеді» – деген.

Бұдан түйетініміз, ең әуелі, жүректі таза ұстау, ойды дұрыстау лазым. Ниеті түзу адамның сөзі, ісі дұрыс болады. Бұл да имандылықтың бір белгісі.

Алла Тағала Құранда Әл-Имран сүресі 184-аятында: «Олар кеңшілікте, таршылықта Аллаһ жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Аллаһ Тағала жақсылық етушілерді сүйеді» – деп муминдерге ашуы келгенде өзін-өзі ұстай білуді, тілімен де, қолымен де өзгеге зиян тигізбеуді бұйырады.

Адам әрдайым шыншыл болса, адал еңбекпен мал тауып, несібесін мұқтаж жандармен бөлісіп отырса, жақсылармен жолдас болып, ілім үйренсе, мейірімді де қайырымды болса, үнемі көңілді де пәк жүрсе, ең бастысы, сеніміне селкеу түсіресе, міне, сонда ғана имандылыққа бет түзеп, рухани тұрғыдан жетілуге бейім болады. 

Бейнелеп, суреттесек, иманның басы – сенім,   тәні – бес уақыт намаз, жүрегі – Құран, күмбезі – ықылас, ниет, тілек. Иман сөзі – Алла тағаланы  еске алу, нұры – шын-
дық, хақ сөйлеу, дәмі – пәктік, жемісі – ораза тұту, жапырағы – тақуалық, дәрісі – ар, ұят.

Пайғамбарымыз Мұхам-мед (с.а.у.): Ислам нақты, яғни көзге көрнекті. Ал иман – адамның жадында, яғни көзге көрінбейді, жасырын тұрады» – деген.

Имандылықтың бір белгісі білімді болу. Санадағы білім көзге көрінбейді, ал, олы іске асырылғанда өзіңе де басқаларға да пайдасын тигізеді. Сондықтан, жастар білім алуға құштар болуы, санасын біліммен жарқырата білуі тиіс. Есейгенде сол білімнің сәулесі айналасын жарқырататын болады. Ал, балалық, жастық кезде бос өткізген адам есейгенде өмірден өз орнын таба алмай, қиналуы, теріс жолға түсуі мүмкін.     

«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адам-гершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімді етіп тәрбиелеуде ата-ананың рөлі маңызды. Жастарды имандылыққа тәрбиелеу негізінде, отбасынан басталады.

Отбасы дегеніміз – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Отбасында, әсіресе, тәрбие анаға байланысты. Ананың бала тәрбиесіндегі рөліне ислам қайраткерлері де көп көңіл бөлген.

Мәселен, Иран елінің көсемі Аятулла Имам Хомейни: «Әйел бір қолымен бесік тербетеді, екінші қолымен әлемді тербетеді», «Ұлы азаматтарды әйелдер тәрбиелейді» – деп ананың бала тәрбиелеуі әлемдік маңызы бар іс екенін жақсы айтқан. Әйелдің бұл рөлі отбасының, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігі мен қамқор-лығымен биіктей береді. Баяғының білімпазы Ризауддин ибн Фахруддин: «Әйелдері тәрбиелі болған халық тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық тәрбиесіз» – деп бекер айтпаса керек. Демек, ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің іргетасы болып табылады.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – деп түйіндейді халық даналығы. Жастайынан бойға сіңген мінез басқа бір зор күш әсерінен болмаса, есейгенде де сақталады. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген сөз, ең алдымен, тәрбие мәселесіне қаншалықты терең мән берілетінін көрсетеді.

Бала өмірді көруге, білуге құштар болып тұратындықтан, тез қабылдайды. Сондықтан, баланы дұрыс қадағалап тәрбие беру аса маңызды. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілділік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу керек.

Білімсіз, еңбексіз өмір тұл. Адамның адамдық қасиеті біліммен, үздіксіз еткен адал еңбекпен, үйренумен толығып, кемелденіп отырады. Халқымызда «Істемеген тістемейді» деген сөз бар. Қазір білімділердің заманы. Сондықтан, алған білімді адам баласының игілігіне айналдыру үшін санамызды имандылықпен, ұлттық құндылықтарымызбен нұрландыра білуіміз керек.   

Біз жаңадан қалыптасқан ұлт емеспіз, ата-бабаларымыз аманат еткен ұлан-байтақ жеріміз, тарлан тарихымыз, бай мәдениетіміз, шұрайлы тіліміз, дініміз бар байырғы халықтардың біріміз.  

Еш нәрсе кем не артық айтылмаған Құранды және Пайғамбар (с.а.у.) хадистерін көп оқып, дұрыс амал етсек, имандылықты сақтап адамдық жолдан таймасақ, діттеген мақсатымызға сөзсіз жетеміз.

 Текелі қаласы «Керімбек би» мешітінің бас имамы Аман Айтбосынұлы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.