Көктемді тойлады

Текеліліктер Мәдениет үйінің алаңында славян халықтарының дәстүрлі Масленица мерекесін тойлады.
Көктемді тойлады

Масленица – қыспен қоштасып, көктемді қарсы алу мерекесі. Мерекеде өткізілетін рәсімдер көктемнің қысты жеңуіне септеседі деген сенімге негізделеді. Сағындырып жеткен көктем шуағы қар көбесін сөгіп, байтақ даланы нұрға бөлейді. Қыстың қыры сынып, баяғы қаһарынан айырылады. Аталған мейрам қыспен қоштасатын, шуақты көктемді қарсы алатын күн ретінде тойланады, сондай-ақ, осы күні өкпелі адамдар реніштерін артқа тастап, татуласады, өткізген қателіктері үшін кешірім сұрасады.

Көктемнің келгенін білдіретін және оның бар тіршіліктің жаңаша өміріне жайлы болуын тілейтін халықтық сенімнанымға құрылған әдемі қойылымдар, қала өнерпаздарының әні мен биі, мектеп оқушыларының тартымды ойындары мен түрлі спорттық жарыстар мерекенің шырайын аша түсті.

Адамгершілік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру, әлеуметтік осал топтарға жәрдемдесу, көптің қажеті жолындағы істерге белсене атсалысуды таңдаған «Lider.KZ» Текелі» еріктілері көпшілікке мерекелік дәм – құймақ және ыстық шай үлестіріп, жылы лебіздерін жеткізді.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.