Бәрі ұрпақ тәрбиесінен басталады

Оқу-жаттығу толықтыру атты әскер заставасы жас-тарды отаншылдық, елжандылыққа тәрбиелеу ісіне атсалысуда. Осы мақсатта застава басшылығы қала мектептерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, шығыс ойшылы әл-Фарабидің, хакім Абайдың адамгершілік, елдік ұстанымдағы ақыл-өсиеттерін дәріптеуге маңыз беріп келеді.
Бәрі ұрпақ тәрбиесінен басталады

Жыл басынан бері қала мектептерінде оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып, туған жерді сүйетін, елді, жерді қорғай білетін перзенттік ұстаным қалыптастыру, жастарды спортқа, салауатты өмір салтына ынталандыру, әскери өмірге дағдаландыру, халқымыздан шыққан ұлы тұлғаларды үлгі тұту, олардың ақыл-өсиетіне мән беру, өткен тарихымызды жақсы білу және оған құрметпен қарау, достықты, бірлікті дәріптеу секілді тәрбиелік мәнді іс-шараларға маңыз беріп отырмыз.  

Ұлы ойшыл Әбу насыр әл-Фараби мен Абайдың дүниетанымы мен ұстанымдары тоғысып отырады. Екеуі де адам баласының, ең алдымен өзін-өзі жан-жақты тани білуінің өзектілігін алға шығарады. Егер адам өзін жетік білсе және мінезін, іс-әрекетін саналы түрде меңгере алса, жақсылыққа, адам-гершілікке ұмтылса, ісі оңға басады. Жеке адамдардың ізгілікті істері қоғамға ықпал етеді. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында осы жайында кеңінен айтылады.

Бүгінде халқымыз жаппай қалалық өмірге бейімделуде. Бұл ең алдымен, қаладағы қалыптасқан дағдыларға бой үйретуден, біртіндеп оны әдетке айналдырудан басталады. Әрине, ең маңыздысы – адамдардың ізгі болмысы, өзін және отбасын бақытты ету жолындағы білімге негізделген адал еңбекке деген ұмтылысы, еңбек жемісін бағалай білуі, басқаларға да пайдасын тигізуі. Міне, әл-Фарабидің пайымы бүгінде өзекті. Жастар соны терең түсіне білуі керек. Мектептегі кезінен бастап, адалдық, еңбекқорлық, бауырмалдық, елжандылық қасиеттерді бойына сіңіріп өсуі керек. Бұл тұрғыдағы тәрбие жұмысына ата-ана, мектеп, тұтас қоғам мән беруі тиіс. Бізде осы қоғамның бір мүшесі ретінде жауапкершілікті сезіне отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысуды азаматтық парыз деп санаймыз. Демек, бұл бағытта алдағы уақытта да белсенді жұмыс жалғасады.           

Әділхан Хамзин, Оқу-жаттығу толықтыру атты әскер заставасы бастығының орынбасары      

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.