Даналық ойдан дән ізде

Ел аузында қазақ оқымыстылары айтты деген сөздер аз емес. Белгілі ғалым, этнограф А. Сейдімбек құрастырған тарихи тұлға, асқан оқымысты әл-Фараби бабамыздың тапқыр сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Даналық ойдан дән ізде

Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет бас-қарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.

– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан.

Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады.

– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.

– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.

 – Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан.

Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:

– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар!

Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:

– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.

– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.

– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.

– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.

 * * * * * *

Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды: – Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, ­ дейді.

Сонда әл-Фараби:

 – Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, ­ деген екен.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.