Даналық ойдан дән ізде

Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет бас-қарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды.
– Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан.
Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады.
– Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан.
– О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби.
– Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан.
Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді:
– Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар!
Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де:
– Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады.
– Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан.
– Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби.
– О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет.
* * * * * *
Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды: – Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, дейді.
Сонда әл-Фараби:
– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, деген екен.