Ризашылықта ырыс бар

1 наурыз Алғыс айту күніне арналған салтанатты жиын «Металлург» шағынауданындағы клубта өтті.
Ризашылықта ырыс бар

Елбасы бастамасымен 2016 жылы күнтізбеден орын алған Алғыс айту күнін барша қазақстандықтар жылы қабылдады, себебі, бұл мереке ғибратты тарихымыздан бастау алған, қазақ халқының кең пейіл дархан көңілін, бауырмалдығын, жоғары адамгершілік ұстанымын әйгілейтін, еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің бір атаның баласындай береке-бірлігін, ұлы достығын бекемдей түсетін аса мағыналы мәнге ие. Сондықтан да, айтулы күн халқымыздың санасына тез орнықты. Көктеммен бірге келіп, адамдардың көңілін жадырататын, «Ризамын, елім саған!» деп еліне ризашылығын жеткізетін, бір-біріне қолдау білдіретін мерейлі мерекеге айналды. Мереке, сонымен бірге, жастардың бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді, отаншылдық рухты, ұлттық құндылықтарды сіңіруде де маңызды мәнге ие. Жалпы, туған елге, жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, отандастарына деген құрмет ризашылық көңілмен, шынайы айтылған алғыспен де бекемделе түседі. Салтанатты жиында Алғыс айту күнінің осынау тарихи маңызына, тәрбиелік мәніне салмақ берген қала әкімі Бахтияр Өнербаев көпшілікті мерекемен құттықтады, тату-тәтті тірлікпен, берекелі бірлікпен ортақ дамуымызға үлес қосып келе жатқан барша текеліліктерге риза-шылығын жеткізді.

Қала әкімі 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының, еліміздегі жетекші партия «Nur Otan» партиясының құрылған күні екенін атап, өркениетті елдердің қатарына қосылуға бет түзеген бағдарымыздан таймай, ізгі дәстүрлерімізді жарқыратып, бірлікте алға қадам басуға шақырды.  Достықты,  ауызбіршілікті дәріптеп, шынайы болмысымен үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Тұрысбек Жұмаділов, Дариға Тұрдиева, Виктория Тимошенко, Зухра Әділ, Лилия Әзімбаеваны «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының Алғыс хатымен марапаттады.

Көпшілікті мәслихат хатшысы Николай Калиновский құттықтап, ізгі тілегін арнады. 

Мерекелік жиында қала өнерпаздары Абай Құнанбайұлының әндерін шырқап, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқып, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» өсиет қалдырған Абай ұстанымын әспеттеді.

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.