Абай – ұлы тұлға

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді.
Абай – ұлы тұлға

Сиясы кеппеген құнды мақала «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», - деп бастау алып, кемел ойлы кемеңгер басшымыз қазақ елінің ұлттық болмысын, бар жан-дүниесін ақтара айтып, ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырып әрі мәңгілік ел атанудың бірден бір жолын көрсетеді. Ол үшін Мемлекет басшысы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының дара жолын, тәлім мен тағылымға толы шығармашылығын үлгі тұтады. Ел Президенті «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген қалыптасқаны сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санайды». Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл ел көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар жоспарланып отырғанын, Абай жырларын оқу челленджі жаңаша жанданатынына сенім білдірді. Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбын зерделеген Қ.Тоқаев ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін айтып, ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамыту керектігін, Абайдың тіл үйрену туралы тұжырымдарын, интеллектуалды ұлт қалыптастыру Абайдан бастау алатынын, егемен ел ретінде өсіп-өркендеу үшін мемлекеттілігімізді нығайту керектігін, Абай-дың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеу қажеттілігін, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа, адамгершілікке, көшбасшылыққа баулу керектігін ойшылдықпен алға тартты, санамызға сіңіре білді. Осындай тағылымға толы рухани байлығымызды арттыратын жүйелі жоспарлар мен Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылатын 500-ге жуық іс шаралар арманымызға қанат бітіріп, жігерімізді қайрай түсті.

Мағжан Мұхамет, Текелі қаласының дін істері инспекторы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.