Өркениетті қағидат өрге жетелейді

​Күздің бірінші күнінде Мемлекет басшысы ел-жұртқа Жолдау жариялап, барымыз бен жоғамызды саралап, бағытымызды айқындады, жаңа қадамдар жайлы жаңалығын паш етті. Мені жаңа саяси дәуірге қадам жасауға ұмтылысы толғандырды.
Өркениетті қағидат өрге жетелейді

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді», – деп жазыпты. Бұқара халық, әрине, ашық, таза, ақиқатшыл жолды таңдайды. Қазақстан Президентінің өз өкілеттік мерзімін қысқартып, ашық сайлауға түсуге бел бууы елдегі барлық саладағы жаңашылдықты, батыл өзгертулерді, әділетті болуды өзінен бастағанының көрінісі. Ол Президент өкілеттігі мерзімін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Мемлекетті басқару бір рет берілетін мүмкіндік деген сөз. Билікке қол жеткен соң оны ұзарту туралы, бүгін шешілетін мәселені ертеңге қалдыру, құрғақ уәде беру жайлы ойланып отыратын уақыт жоқ. Тек елге, халыққа пайдаңды тигізіп, абыройлы қызмет етуді ойлайтын жүйе. Байыптап қарасақ, халқымыз киелі санайтын жеті саны ұзақ та, қысқа да емес мерзімді көрсетіп тұр. Жеті жылда қандайда бір іргелі бағдарлама, ірі жобаларды бастап, жемісін көруге болады, меже белгілі болып тұрғанда қимыл да ширақ болары анық. Ал шексіз билік шатастырады, көз жетпейтін көкжиекпен алдайды. Жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін нығайтса және ол туралықтан таймаса, халық сол жолмен жүреді. Бұдан кейін Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазақстан халқы әділ таңдау жасап, өрге қадам басады деген жақсы үміт зор.

Бақыт ШАЛБАЕВ, «Алма-Дария» шаруа қожалығының директоры

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.