Отандық өндіріске басымдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» деп, өндіру мен өңдеу саласын заман талабына сай жетілдірудің көкейкестілігіне баса маңыз берген болатын. Осы мақсатта ел Үкіметі азық-түлікпен өз-өзімізді толықтай қамтамасыз етудің кешенді жобасын іске асырады.
Отандық өндіріске басымдық

  Яғни, импортты алмастыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады. Атап айтқанда, алдағы 4-5 жылда азық-түлікпен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуге күш салынып, отандық өндірісті – өндіру мен өңдеуді жүйелі тұрде дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Бұл туралы Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын таныстыру кезінде айтылды.    

«Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан, басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады, бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде, 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100%-ды, ал қант бойынша 80%-ды құрайды» деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Шындығында, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті орасан зор. Соған қарамастан, азық-түліктің біразын шетелдерден  әкеледі екенбіз. Бұл бәрімізді ойландыруға тиіс. Қазір көптеген елдер шекарасын шегендеп, ішкі нарыққа, өз халқының қамын күйттеуге көшті. Яғни, «саудада достық жоқ» екенін аңғартты.

Демек, дастарқанымыздағы дәмге мән беріп, жеріміздің ырысын игілігімізге айналдыруға тиіспіз.

Қазір елімізде «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаттарының бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын отандық өнімдермен алмастыру.  Мемлекет осы бағыттағы қолдаулардың тетіктерін одан әрі жетілдіруге мүдделі.

Халқымызда: «Өзіңде болмаса, өзгедегінің кілті аспанда» дейтін сөз бар. Өзгеге кіріптар болмау үшін өзіңді бағала, қамшыла. Өзіңде барды ұқсата біл! Ақылмен еңбек етсек, бізде бәрі бар!

Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.