Талапты балаға таптырмас мүмкіндік

Текеліде қыркүйектің басында ашылған «Art studio» Өнер орталығында бүгінгі таңда 200-ге тарта бала түрлі үйірмелерге қатысып, талаптарын ұштап жатыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында бұл шығармашылық үйірмелер тегін жұмыс істеп тұр.
Талапты балаға таптырмас мүмкіндік

Жалпы ел көлемінде Artsport.edu.kz платформасы бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорттық және шығармашылық үйірмелердің қызметін жан басына шаққандағы норматив негізінде қаржыландыру көзделген. Осы бағытта іске кіріскен «Әділжан» жеке кәсіпкерлігі түрлі үйірме жұмыстарын жүргізуге қолай-лы ғимаратты жабдықтап, мүсіндеу, сурет салу, хореография және гитара тарту сияқты төрт үйірмеге балаларды тартты.

5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер аталған үйірмелерге қатысып, өнерлерін шыңдайды әрі бос уақыттарын пайдалы өткізеді. Әр үйірме қатысушылардың жас айыр-машылықтарына қарай бірнеше топқа бөлінген. Балалар ермексаздан неше алуан мүсін жасауға және қылқалам мен бояудың тілін ұғып, сурет салуға бес жастан баулына бастаса, би мен гитара тартуға 7-8 жасқа толған балалар қабылданады. Бидің өзі екі бағытты қамтиды. Бірі – ұлттық билер, екіншісі – хореографиялық ансамбль. Ал гитарада әуен ойнап қана қоймай, қосылып ән айтуға да машықтануға мүмкіндік бар. Осы мәліметтерді айтқан «Art studio» Өнер орталығының әкімшісі Анастасия Антонюк: Үйірме жұмыстарын жүргізуге педагогтар қатаң талаптармен таңдалды. Осы уақытқа дейінгі тәжірибе, білімдері мен жетіс-тіктеріне, жеке құлшыныстарына назар аударылды. Қазір 3 педагог жұмыс істейді. Біздің орталыққа балалар аса қызығушылықпен келіп жүр. Алдағы уақытта декоративті-қолданбалы өнер үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз»,– деді.

Мүсіндеу және сурет салу үйірме-сінің жетекшісі Анна Кувычко осы салада 26 жыл табан аудармай еңбек етіп келеді. Қылқалам мен бояуды серік еткен ол өзін бақытын тапқан жанмын деп есептейді. «Менің жұмысым емес, сүйікті ісім бар, сондықтан мен жұмысқа емес, сүйікті ісіммен айналысуға келдім деймін. Қаламызда бұл Өнер орталығының ашылуы қаншама баланың шығарма-шылық қабілетін ашуға мүмкіндік берді. Балалар өз қарым-қабілеттерін сынап көреді. Ата-анасынан ақша да сұрамайды, бәрі тегін. Мен аса қуаныштымын», – деген ұстаздан мұндағы үйірме мен Балалар шығармашылығы орталығындағы сурет салу сабақтарының арасындағы айырмашылықты сұрадық.

– Үйірмеге келетін балаларды мен 5-8, 9-10 және 11-15 жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлдім. Әр баланың жеке қасиеттерін ескеріп, бөлек тапсырма беремін. Жалпы бейнелеу өнерінің бастапқы баспалдақтарын үйретемін. Бояумен, қылқаламмен жұмыс істеу, әр тақырыптағы суреттерді салудың жолдарын ұғындырамын. Ал Балалар шығармашылығы орталығындағы сабақта сурет салуды кәсіби тұрғыда, тереңдетіп оқытады. Төрт жылдық сабақты меңгерген бала емтихан тапсырып, сертификат алады. Үйірмеден сурет салудың қыр-сырын үйреніп, ары қарай онымен тереңірек айналысамын деген бала арнайы БШО-да білімін шыңдауына болады, – деген ұстаздың балаларды сурет әлеміне жетелеп, қызықтырып, жан-тәнімен беріле жұмыс істеп жатқанын сырттай бақылаудың өзі бір ғанибет. Ал кеше ғана қолдары қалт етсе ұялы телефонға телміретін біраз бала бояу, қылқаламмен достасып, қағаз бетіне жан бітіріп, өз туындыларына қарап мәз-мейрам.

Баланың қиялына қанат бітіріп, бойларындағы шығармашылық бүршіктің семіп қалмай, тамырынан нәрленіп, қауызын жаруға мүмкіндік беретін үйірме саны мен сапасы арта түссе, оның жемісі бүтін елді қуантар еді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА       

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.