Ұтымды мүмкіндіктер көп

Мемлекетіміздің ең басты байлығы адам болса, соңғы жылдар бедерінде халықтың құқығын қорғау, әл-ауқатын көтеру бағытында ауқымды істер атқарылып жатқанын білеміз. Еліміздегі саяси реформаларды әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында қысқа мерзімде атқарылуға тиіс нақты міндеттер жүктеді.
Ұтымды мүмкіндіктер көп

Жолдауда айтылған стратегиялық маңызға ие міндеттің бірі көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану болатын. Жан-жақты даму қарқынын сақтау үшін алыс-жақын шетелдермен тығыз қарым-қатынас болғаны абзал. Мемлекеттер арасындағы сауда-саттық, тауар айналымы жылдан-жылға көбейіп келеді. Әсіресе, Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі алдағы уақытта тіпті арта түспек. Бұл үлкен айналымда тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстанның ұтары көп. Тек дұрыс таңдау жасап, мүмкіндіктерді ұтқыр пайдалана білу қажет. 

Ел Президенті Жолдауда: «Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар. Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет», – деді. Аз ғана мерзім ішінде бұл бағыттағы іргелі істердің алға басқанын байқап отырмыз. Алдымен, Көлік министрлігі құрылып, жұмысты тиімді жүйелеу, басқару қолға алынды. Жақында ғана ақпарат құралдарынан Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталғанын оқыдық. Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырыла бастаған жоба аясында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр екен. Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін ұлғайтып, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік бермек. Барлығы рет-ретімен болса, теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Бұл Жолдаудағы міндеттер мен жоспарлардың қағаз жүзінде қалмай, қарқынды жүзеге аса бастағанының бір көрінісі дер едім. Мемлекет шекарасындағы тәртіп пен тыныштықты күзетіп жүрген шекарашылар өркендеу жолындағы еліміздің әр қадамын қуаттап, ілкімді істерге қуанып отырады. Көлік-логистика саласының дамуы сан бағықа оң ықпалын тигізетіні анық. Біз әділдік пен заң үстемдік құратын, ел азаматтары жұмылған жұдырықтай бір тілекпен, адал еңбекпен дамуға үлес қосатын Әділетті Қазақстанның тұғырының берік, абыройының биік болуына күш саламыз. Мемлекет басшысы айтқандай, заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет болатынымызға сеніміміз кәміл.

Абзал ҚАСЫМБЕКОВ, «Көк-су» шекара бөлімшесінің бастығы

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2024. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.