Отбасы картасын енгізу басталды

Іс жүзінде Карта –
– бұл әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы»;
– көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Бұл қалай жұмыс істейді?
• Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқын-дау бойынша жұмыс жүргізілді.
• Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн. отбасы және 19 млн. оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.
• Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі.
• Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.
Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады:
– 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды;
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады;
– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады;
– 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
Айжан Изатова, Алматы облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының заңгері