Береке басы – БІРЛІК

Ел президенті партия қатарынан шығып, партияның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты ұсынды. Съезд делегаттарының бірауыздан қолдап дауыс беруімен Е.Қошанов «Аmаnаt» партиясының төрағасы болып сайланды.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы: «Конституциялық реформаның мақсаты – елімізді саяси тұрғыдан одан әрі жан-жақты жаңғыртудың берік іргетасын қалау. Өткен аптада Конституциялық кеңеске түзетулер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүлде жаңа үлгісін – Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойын-дайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туын-дайды. Сондықтан «Amanat» партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Азаматтық қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді.
Шын мәнінде, ел болудың белгісі болған бірлік ұғымы тек тіліміздегі терең оралымдармен немесе мерекелерде әркімнің өз дәстүрін дәріптеуімен өл-шенбесе керек. Елде береке тұрақтауын ойлаған жұрт әр істе, әр қадамда әділдік пен шынайылыққа сүйенуі қажет. Қ.Тоқаев «Adal» және «Аmanat» партияларының бірігуін де құптап, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керектігіне тоқталды.
Көп тілеуінің көл-көсір екенін бағамдаған халқымыз төртеу түгел болғанда береке құтаятынын елеп-екшеп қойған. Сондықтан, бірлікке бастаған әр қадамнан игілік күтетініміз рас.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА