Халық таңдау жасады

Рудничный ауылдық округінде 3 кандидат саяси науқанға қатысты.
Ауыл әкімін сайлауға тұрғындар белсенді атсалысып, өз таңдауларын жасады.
Рудничный ауылдық округінде алғашқылардың бірі болып Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Омар Кашкенбаев дауыс берген.
Омар ақсақал өзінің өмір жолын туған ауылымен ұштастырып, талай жыл ауылдың игілігі жолында қызмет еткен. Бүгінде зейнетке шығып, қоғамдық кеңеске төрағалық етіп келеді.
27 шілдеде Текелі қаласының Рудничный ауылдық округі әкімін сайлау нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы негізінде сайлау қорытындылары белгіленді.
Сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 733 азамат енгізілді, олардың 685-і (93.5%) дауыс берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша 65,9% дауыспен Вишняков Сергей Дмитриевич Рудничный ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Сергей Дмитриевич 1979 жылы Рудничный ауылында дүниеге келген. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң қызмет жолын өзінің туған ауылынан бастаған.
Еңбекке ерте араласқан ауыл әкімі ауылдың тыныс тіршілігіне қанық.
«Жалпы мемлекеттік қызметке 2003 жылы келдім. Еңбек жолымды туған ауылымнан бастадым. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 18 жылдан асыпты. Осы аралықта түсінгенім:
мемлекеттік қызметші болудың жауапкершілігі өте ауыр. Әсіресе, ауыл басқару ісі сенім үдесінен шығуды көздейді. Өлкенің өрісін кеңейтіп, әлеуетін арттыратын бірден-бір тетік ол – ауыл.
Туған жерімді көркейту жолында әлі де талай ірі жобаларды қолға алып, қолайлы жағдай жасауға барымды саламын» – деді ауыл әкімі.
Сейсенбі күні жаңадан сайланған ауыл әкімін қала әкімі Б.Молдахметов, Текелі қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Жұмаділов және Текелі қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Жылқыбаев пен Рудничный ауылдық округінің активі құттықтап, қызметіне табыс тіледі.
Тұрғындар өз тараптарынан да құттықтау тілектерін арнап, қала әкіміне ауыл тынысына байланысты көкейкесті сауалдарын жеткізді.
«Сергей Дмитриевичті мектеп кезінен білемін. Мектеп қабырғасында жоғарғы білім көрсеткішімен, көшбасшылық қабілетімен ерекшеленді. Бүгін, міне туған ауылында қызмет етіп, өңіріміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Ұстазы ретінде шәкіртіммен мақтанамын. Сайланған ауыл әкімі халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауылды дамытуға байланыс-ты мәселелерді шешуге барлық мүмкіндіктерді қарастыратынына сенім білдіремін» деп ауыл әкімінің алғашқы ұстазы өз тілегін арнады.
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ