Елдік дамудың жарқын бейнесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында биыл елімізде өкілеттік мерзімі аяқталатын ауыл әкімдерін жергілікті халық сайлайтынын айтқан болатын. Бұл – ашық, демократиялық ел болуды мақсат еткен мемлекетіміздің саяси даму үдерісіндегі маңызды бір қадамы екені сөзсіз.
Елдік дамудың жарқын бейнесі

Бағытымыздан таймай, алға қойған мақсатымызға біртіндеп жақындап келеміз. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан баянды дамытудағы берік ұстанымының нақты нәтижесі. Әр қадамымызды нақтылап, анық басудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Табиғаттың заңдылғы да сондай. Тіршілік атаулы көктемде төлдеп, гүлдейді. Жазда бойына күш-қуат нәр жинайды. Күзде толысып, пісіп-жетіледі. Уақыттан ұту дегеніміз осы. Әрбір құбылыстың даму кезеңдері болады. Олардан аттап өтуге болатын шығар, бірақ, табиғи даму заңылықтары, бәрібір, өз дегенін істейді.
Тәуелсіздігімізді жариялап, егеменді ел болған тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономика мен еркін, демократиялық даму үдерісін таңдаған еліміз осы құндылықтар жолында еңсесін тік ұстап, асықпай-аптықпай алға жылжып келеді. Ең бастысы, біз елдің болашағы, мемлекеттің ертеңі жолындағы әрбір істе «Он өлшеп, бір кесетін» бабалар ұстанымына берік бола білдік. Міне, соның игілігін көріп отырмыз. Енді бірнеше күннен кейін елімізде жүздеген ауылдарда жергілікті халық өздері қалаған азаматтарына дауыс береді, анығын айтқанда, ел үмітін ақтайтын тұлғаға сенім артып, туған жерді бірге көркейтуге атсалысатын болады. Бұл – экономикалық, саяси тұрғыдан жаңарып, түлеп-түрлену жолындағы еліміздің абыройлы игілігі.
Ауыл әкімдерін сайлаудағы тағы бір жаңашылдық – азаматтардың өзін-өзі ұсынуы. Мұны аталған лауазымды қызметке басекелестікті арттыра түсетін қажетті бір шарт деп қарастыруға әбден болады. Әрине, өзін-өзі ұсынған азамат еңбегі мен жетістіктері жайында ел білетін, мемлекеттік қызметте немесе кәсіпкерлік саласында өңбек еткен, белгілі жетістіктерге жеткен болуы лазым. Ендеше, тәжірибесі, бет-беделі, білімі бар адал азаматтар барын салып, елдің мүддесіне еңбек етемін десе, неге қолдамасқа?!     
«Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін білуіміз керек. Алайда бұл мәселенің шешімін кейін қалдыруға болмайды» деп Мемлекет басшысы атап өткендей, сайлау да, оның шешімі де біз үшін маңызды. Себебі, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі сайланған ауыл әкіміне де, оны сайлаған ауыл тұрғындарына да жауапкершілік жүктейді. Жауапкершілік болса, нәтижеде де болады.  
Ертай ДҮЙСЕБАЕВ,  қалалық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.