Халық сенімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында саяси реформалардың дұрыс нәтиже беруі мемлекеттік басқару жүйесінің мықтылығына байланысты екеніне маңыз беріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға тартты. Азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, халық пен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру жауапкершілігін арттыра түсу – көзделген мақсат. Әділетті Қазақстанның сипаты да осыған саяды. Осы жолғы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімін сайлау пилоттық режимде өтті.
Жетісу облысының аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, аудан әкімдерінің сайлауында барлығы 94 сайлау учаскесі жұмыс істеді, соның ішінде Кербұлақ ауданында – 60, Сарқан ауданында – 34. Екі ауданда аумақтық комиссиялардың 21 мүшесі, учаскелік сайлау комиссияларының 538 мүшесі сайлауға жұмылдырылды. Қос аудан бойынша 54 634 азаматтың 38 974-і сайлауға қатысып, дауыс берді.
Кербұлақ ауданы бойынша 27 787 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді. Дауыс беруге 18 812 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысында Ермек Ақшабаев үшін сайлаушылардың 1216-сы дауыс берді. Ал Қанат Есболатов 16 794 дауыс жинап, Кербұлақ ауданының әкімі болып сайланды.
Сарқан ауданында сайлаушылар тізіміне енгізілген 26 847 азаматтың 20 162-сі дауыс беруге қатысты. Әкім сайлауының қорытындысы бойынша Бауыржан Абибеков үшін сайлаушылардың 2609-ы дауыс берді. Ғалымжан Маманбаев 17 055 дауыс жинап, аудан әкімі атанды.