Мәслихат депутаттары сайланады

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, мәслихат депутаттары жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәслихаттар – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіретін және оны іске асырудың қажетті шараларын белгілейтін, сондай-ақ, олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді органдар. Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынып тасталмаған адамның, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамның сайлануға құқығы жоқ.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша депутаттардың жартысы, сондай-ақ, бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша екінші жартысы сайланады. Республика бойынша барлық деңгейдегі 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайланатын болады.
Мәслихаттар депутаттығына партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ, егер Жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне, филиалдары мен өкілдіктеріне және өзін-өзі ұсыну бойынша азаматтарға тиесілі.
Аумақтық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды бір саяси партиядан бір ғана тізімде тіркеуге жол беріледі. Онда әйелдер мен жастардың саны жиынтығы бойынша оған енгізілген адамдардың жалпы санының кем дегенде 30 пайызын құрауға тиіс. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсыныла алмайды.