Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үздік журналистік жұмыстар анықталды

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мәдени шаралар жүзеге асырылу үстінде. Солардың бірі, журналистер қауымының арасында өткізілген байқау. Жарыс бар жерде өзінің талаптары болады, ережеге сәйкес келген жұмыстар іріктеуден өтті. Журналистердің жасаған еңбектеріне көз жүгіртсек, әрбір дүниеге мән беріп, тереңінен зерттеп, өте тұшымды талдау жасаған. Бұл ортаға көп ойсалары ақиқат. Осындай жұп-жұмыр дүниені көпке көрсету арқылы жемқорлықпен күрестің маңыздылығын арттыру қажет. Байқаудың мақсатыда осы,-деп атап өтті «Алматы облысы ішкі саясат» ММ басшысы Рахмет Есдәулетов.
9-желтоқсан-Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орай, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған үздік журналистік жұмыстар» байқауына БАҚ өкілдері 6 аталым бойынша сынға түсті. Ұзын-саны 50 журналистік еңбек келіп түскен додада кіл мықтылар топ жарды. Олардың барлығы облыстың әлеуетін көкжәшік пен мерзімді басылымда тарқата айтып жүрген жалынды журналистер.
Қара қылды қақ жарған әділ қазылардың қатаң сүзгісінен 5 қана қатысушының жұмысы өтіп, жеңімпаз деп танылған. «Мерзімді баспасөз басылымдары арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа үздік мақала» аталымында Ирина Карякина, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік бейнесюжет» номинациясын Еркебұлан Жақыбай, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпқа үздік журналистік зерттеу» жұмыстарында Самал Қабышева, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын өңірлік деңгейде кеңінен жариялауы» бойынша Алмат Есенбеков, «Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің амбассадоры» аталымында Мұрат Жұмабай топ жарды.
Жемқорлықтың жалпы елдің түбіне жетер басты жау екенін тәппіштеп түсіндіріп, теңдесі жоқ журналистік зерттеу жасаған Самал Қабышева Сарқан ауданындағы заңды белден басқан басшылардың әрекетін әшкерелеген. Дәл осы материалы аталған сайыста жеңімпаз атануына сеп болған.
«Мен бұл байқауға Сарқан ауданындағы үш спорттық алаңды тек қағаз жүзінде 45 млн. теңгеге жасап шыққандығы турасындағы материалымды өткіздім. Зерттеу барысында, Сарқан ауданында шын мәнісінде ешқандай алаң жоқ болып шықты. Арнайы түсіріліммен барып, үш ауылды да аралап қайттым. Тіпті, құжаттарға қол қойған ТҮКШ бөлімінің басшысының өзі аталған қаражаттың бөлінгендігін растап берген болатын. Артынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің өкілдері өзіндік тексеру жұмыстарын жүргізген еді. Дәл осы жұмысымды қазылардың назарына ұсындым. Осылайша, үздік журналистік зерттеу аталымында оза шаптым. Мен ойлаймын, БАҚ өкілдері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментін біріктіретін негізгі мүдде-жемқорлықпен күрес»,-дейді Самал Қабышева
Қаламы қарымды «төртінші билік өкілдерінің» жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған еңбектері осылайша өз бағасын алды. Ұйымдастырушы тарап, аталмыш сайыс дәстүрлі түрде жалғасын табады деуде.
#Qazaqstan30