Киелі мекенім – мектебім!

Биыл Еліміз үшін, Отанымыз үшін қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы ордалы 30 жылдық ұлы тоймен тұспа-тұс келген «Текелі қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№6 орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 60 жыл толып отыр.
Киелі мекенім – мектебім!

Тарих тұрғысынан алғанда, алпыс жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, мектеп өміріне қосқан үлесі, әр балаға маңдай тері төгілген ұстаздар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Текелі қаласының №6 орта мектебінің негізі 1961 жылы 1 қыркүйекте қаланды. Бүгінгі күнге дейін білім ордасы 2700-ге жуық мектеп түлектерін ұясынан ұшырды. Жалпыға бірдей күндізгі білім беру мектебі болып табылатын, мемлекет меншігіндегі заңды тұлға.

№6 орта мектебінің 1961-1984 жылдар аралығындағы жеке құрам бойынша бұйрықтары «Алматы облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Текелі филиалына мемлекеттік сақтауға қабылданып, жинақталған.

Алматы облысы Текелі қаласының әкімдігінің 2009 жылғы 21 қаңтардағы №7 қаулысымен «№6 орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

Алматы облысы Текелі қаласының әкімдігінің 2014 жылғы 03 желтоқсандағы №363 қаулысына сәйкес «Текелі қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№6 орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

Мемлекеттік мекеме орта мектептің құрылтайшысы және меншік иесі Алматы облысы, Текелі қаласының әкімдігі болып табылады. Мектептің мемлекеттік басқару органы «Те-келі қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі саналады.

№6 орта мектеп коммерциялық емес жалпы білім жүйесінің мемлекеттік мекемесі болып есептеледі және өз аясындағы барлық азаматтарға мемлекеттік стандарт шегінде білім беруге мемлекеттік кепілдік бере отырып, тегін орта білім алу құқығымен мүмкіндігін үздіксіз білім беру жүйесінің негізінде жүзеге асыратын буын болып табылады, сонымен қатар мекеменің ұйымдастыру құқықтарын қадағалайтын жалпы білім беру функцияларын жүзеге асыру үшін құрылған.

Мектептің негізгі міндеттерінің бірі болып:

- оқушылардың білім беру бағдарламаларын игеру үшін жағдай жасау;

- әлемдік және отандық мәдениет жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республи-каның басқада халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік, орыс және шет тілдерін меңгеру;

- оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беру ұйымдарының қызметін ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу болып табылады.

Талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған мектеп директоры Казаков Алексей Гаврилович 1975 жылға дейін басқарды. Ал кейінгі жылдарда:

– 1975-1976 жж. Штундер Тамара Трофимовна

– 1976-1986 жж. Пфитфер Роза Данатовна

– 1986-1989 жж. Косинцев Юрий Иванович

– 1989-1998 жж. Нестеренко Светлана Ивановна

– 1998-1999 жж. Кожахметов Кадыр Сабырович

– 1999-2013 жж. Айтбаева Сәуле Әлжанқызы, ал 2013 жылдың 1 қыркүйек айынан бастап бүгінгі күнге дейін мектеп директоры лауазымына Биболова Назгуль Сабитовна тағайындалды.

 Осынау 60 жыл ішінде мектеп қабырғасынан қаншама түлек ұядан ұшып, қияға қанат қағып кетті. Ал, сол бітіруші түлектер мектеп атына кір келтірмей біразы дерлік жоғары оқу орындарына түсіп, мұғалім берген білімнің еш кетпегендігін көрсетеді. Қазақтың ұлы ғұлама ақыны Абай атамыздың мынадай бір сөзі бар: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», расымен де ұлағатты ұстаздардың оқушыларға үйреткен әрбір дәрісі шәкірт көкейінде сақталып жемісін беріп жатса, ұстаз еңбегінің ақталғаны. Тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен мектеп қабырғасында, облыстық және қалалық деңгейлерде өткізілетін зияткерлік марафондар, спорттық іс-шаралар, пәндік олимпиадалар, ғылыми әдістемелік «Дарын», «Зерде» тағы сол сияқты көптеген іс шараларға ат салысып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Соңғы оқу жылының қорытындылары бойынша 80 оқу озаттары, 109 оқу екпінділері, 19 «Алтын белгі», 17 «Ерекше аттестат» иегерлерін мақтан тұтады.

«Жақсы ұстаз мектепке жан кіргізеді» деп босқа айтылмаған. Жас ұрпаққа берері мол білім ордасында 42 мұғалім, жоғары біліммен – 33, арнайы орта – 9, педагог-зерттеуші – 3, жоғары санатты – 6, педагог-сарапшы – 5, бірінші санатты – 4, педагог-модератор – 6, екінші санатты – 9, жас мұғалімдер – 8 мектептің жүрегі болып аямай еңбек етуде. Мектепте оқыту мен тәрбиелеу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мектеп екі ауысымда жұмыс жасайды. 2017 жылдан бері электрондық оқыту жүйесі енгізілген. Биылғы жылы мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, ұжым 60 жылдық мерейлі мерейтойда жаңа мектеп қабырғасында білім беруде.

Мектебіміздің 60 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, аяулы ұстаздарымызға ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектері жемісін беріп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде сәттілік тілейміз.

Жазира Джумадилова, «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Текелі филиалының архивисті

#Qazaqstan30

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.