Елдігімнің айбыны

«Біз, ортақ тарихи тағдыр бірік-тірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдас-тықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз».
Елдігімнің айбыны

1995 жылы 30 тамызда бүкіл-халықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз осылай басталады. Онда мемлекеттің қайнар көзі Қазақстан халқының егемендік пен еркіндікті, бейбітшілікті сақтай отырып, құқыққа негізделген әділетті қоғам құру жолындағы мұраты мен құлшынысы байқалады.
Қолымыз жеткен барлық игі жетістіктер – Тәуелсіз еліміздің Ата Заңының негізінде жүргізілген іргелі реформалардың, атап айтқанда, Конституция нормаларының тікелей қолданылуының жемісі.  
Еліміздің дүниежүзі халықтары алдындағы қалыптасқан абыройлы беделі де Ата Заңымыздың әлемдік өркениетпен үндестік тапқан адамгершілік құндылықтарға құрылған кемелділігінің  нақты көрінісі.
Ата Заң баптарында халқымыздың ұлттық бітім-болмысы, ізгі ұстанымдары және мемлекетшілдігі айқын аңғарылады.   «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – құқықтық жүйенің, мемлекеттік құрылымның бізде баяғыдан қалыптасқан берік негізін дәлелдейді.   «Жеті жарғы» баптары да ерекше. Онда адамның жаны, бостандығы, денсаулығы, өзіне тиесілі дүние-мүлкі жоғары бағаланады. Ауыр қылмыстарға байланысты өлім жазасы да сирек қолданылады. Құн төлету секілді әкімшілік айыпқа көбірек жүгінеді. Ұлттық құндылықтарға, ар-намысқа ерекше мән беріледі.
Ата Заң күрделі саяси, экономикалық-әлеуметтік жағдайда, мемлекеттік буындар жаңадан құрылып, экономиканың даму сипаты түбірімен өзгертіліп жатқан тұста жасалғанына қарамастан, әлем елдерінің жаңа Қазақстанға деген құрметі мен сенімін тез қалыптастырды.
Ақан ЫРЫМЖАНҰЛЫ

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.