Ұлттық қолөнердің салмақты саласы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Текелі қаласындағы Балалар шығармашылығы орталығы көркемсурет бөлімінің оқытушысы Теңгеш Шотайқызы Жаппарқұлова жүннен кескіндеме жасау әдісін таныстырып, шеберлік сабағын өткізді.
Ұлттық қолөнердің салмақты саласы

Ұлттық қолөнердің бір саласы жүннен бұйым жасау қазір сирек кездескенмен, оның бағалы екенін әркім біледі. Табиғи жүнде жылу бар әрі оны қолмен түтіп, ширатып, бұйым жасаған кезде адамның алақанының жылуы қосылып, шыққан дүние ерекше болады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, балаларды сәндік қолданбалы қолөнерге баулып жүрген Т.Шотайқызының шеберлік сабағына қатысқандар жүннен құмырадағы гүлдерді жасаудың әдістерін көріп, қарапайым жүннен тамаша өнер туындысын шығаруға қызығушылық танытты. Оқытушы алдымен фетр матаға түрлі-түсті жүн талшықтарын үстіңгі жағына тігінен, астына көлденеңінен бір бағытта жұқалай жайып шықты. Құмыраның түсіне таңдап алған жүнді үзіп алып, жіңішкелеп алақанда ширатып, құмыраның контурын фонға орналастырды, кейін құмыраны түгелдей сол түспен бояп, яғни, сол түстегі жүнді құмыра бетіне жаймалады. Басқа түсті жүн талшықтарынан гүлдің күлтесін, жапырақтарын жасап, орналастырды. Бұл – жүннен кескіндеме жасаудың  құрғақ әдісі. Дайын туындыны бетінде шынысы бар рамкаға салып, іліп қоюға болады.

Айта кетерлігі, қазір Балалар шығармашылығы орталығында жүннен киіз басып, кілем тоқып, түрлі бұйым жасағанда арнайы цехтарда жуылып, таралып, боялып, шүйкеленген, яғни, заманауи өңделген жүндерді дүкеннен сатып алып пайдаланады. Бұл, бір жағынан, дамыған заманның жемісі болғанмен, екінші жағынан, жас буынның дайын жүн жіп немесе шүйкенің қандай еңбекпен дайындалатынын білмей қалатыны алаң-датады. Әрі басынан бастап қол еңбегімен жасалған табиғи дүние мен жасанды бұйымның аурасы екі бөлек екенін айтады қолөнер мамандары.  Қазір, тіпті, ұршық дегеннің не екенін білмейтін қыз балалар бар. Немерелеріне жүн түткізіп, өзі ұршығын зырылдатып, жүн иіріп отыратын әжелер де аз. 

«Бала кезімізде жаздыгүндері сенбі, жексенбіде көрші-көлем жиналып, бір үйдің киізін басып тастайтынбыз. Арқан да естік, кілем де тоқыдық. Қырқылған жүнді жуу, кептіру, сабау, түту, иіру, ширату, бояу сияқты жұмыстардың барлығын өзіміз жасайтынбыз. Өткенде ауылға барғанда қырқылған жүннің үйіліп қоқысқа айналып жатқанын көріп, қынжылдым», – деген Теңгеш Жаппарқұлова өскелең ұрпақ  ұлттық қолөнерден ажырамаса екен дейді. Осындайда мектептердегі еңбек сабағында бір мезгіл ұлдар ұршық жасап, қыз балалар сол ұршықпен жүн иіруді үйренсе деп ойлайсың. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бір шарадан туған ойлар ұлттық құндылықтардың арнасын кеңейтуге сеп болса игі.

Балалар шығармашылығы орталығында ұлттық қолөнерге арналған жеке кабинет бар. Онда негізінен жүннен жасалған бұйымдар қойылған. «Қолөнер – мол өнер», «Ою ойғанның ойы ұшқыр», «Қыз еркем, кестесімен көркем» дейтін халқымыздың дәстүр, салтында, тәрбиесінде, жалпы тіршілік тынысында ұлттық қолөнердің алатын орны ерекше. Сондықтан, он саусағынан өнер тамған тәжірибелі ұстаздардан дәріс алып, шеберліктерін шыңдап жүрген жас буынның үйренгені өздеріне, істегендері елге құт болғай.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.