Айғайқұм

«Айғайқұмға» барған адам тастақ далалы жерде құмның қалай пайда болғанына таңғалады. Ғалымдар да өткен заманнан бері әнші құмның пайда болу себебін анықтау үшін қаншама зерттеулер жүргізген. Қалқан тауынан соққан желдің бағыты үнемі өзгеріп отыруынан құм түйіршіктері електеніп, төбеге айналған деген тұжырымға келді. Құм төбе ешқайда көшпейді, желмен ұшқан құмның орны сол желмен орнына қайта келеді.
Екі жақтан қатар жел соққанда құмның астыңғы бөлігі қозғалып, жерге сусып түскенде сырнайдан шыққан таза ән ырғағына ұқсас үн естуге болады. Жел екпіні күшейсе, ұшақтың гүріліндей дауыс шығады. Әсіресе, түнде салқын жел соққанда естіледі. «Айғайқұмға» барып құмның үнін ести алмасаңыз, төбесіне шығып, құмға отырып төмен қарай сырғанаңыз. Сол кезде құмның асты қозғалып, гүріл естіледі. Халық арасында құмның төбесіне шыққан адам бақытты болады деген сенім бар. Табиғат құбылысын көруге, үніне құлақ түруге ерте заманнан жолаушылар келген. Бүгінде құмтөбеге турлар көптеп ұйымдастырылады. Мұндай әнші құм әлемнің алты жерінде ғана бар.
Бір аңызда құмның астында қалып қойған қара пиғылды адамның жаны қысылғанда шығатын үні десе, енді бір аңызда дуаланған сұлу қыздың дауысына телиді. Халық арасында «Қыз Мақпалдың әншi тауы» деген аңыз бар. Ертеде шал мен кемпірдің Матай деген ұлы, Мақпал деген қызы болады. Шал мен кемпірді жау ұстап әкетіп, оларды босатып алмақ болып арттарынан Матай кетеді. Ал Мақпал үңгірде жаудан тығылып, күнде бір бұлақтың көзін ашады. Отбасынан айырылған соң уақыттан жаңылмауы үшін күнде тау ортасына құманмен құм тасиды. Қыз құм төбеде мұңды ән салады. Бүгінде ол ашқан бұлақтар «Мыңбұлақ» болса, әнші құм «Айғайқұм» деп аталады.
https://5q.media/kz/