Кітап – жан азығы

Төтенше жағдай талаптарына сай бүгінде кітапхана жабық. Қазір аса қажетті салалардың қызметкерлері болмаса, қала тұрғындары дерлік үйде отыр. Дәл осындай кезде кітап оқу – уақытты тиімді өткізудің таптырмас жолы. Сондықтан, оқырмандарымызбен онлайн іс-шаралар өткізудеміз. Алдымен, көпшілік іздеп жүріп оқитын сирек кітаптардың, газеттерде жарияланған маңызды ақпараттардың, сондай-ақ, текелілік қаламгерлердің шығармалары басылған QR-код белгіленген кітаптардың электронды нұсқалары оқырман назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, «Әл-Фараби әлемі» атты шолу циклінде ғалымның кітапханамызға жақында келген кітаптарына шолу жасалды. «Шебердің саяжай ісі» атты онлайн кітап көрмесінде кітапханамыздағы бағбаншылыққа қатысты кітаптар таныстырылды. Табиғатты қорғау мақсатында «Құстар біздің досымыз» онлайн танымдық сағаты ұйымдастырылды. Ғарышкерлер күніне орай «Байқоңыр – ғарыш жүрегі» тақырыбында слайд көрсетілді. Тарихымызды танып-білу мақсатында «Қазақ батырының ерлігі» тарихи ракурс өткізілді.
Төтенше жағдай кезінде онлайн кездесулерді де ұйымдастырудамыз. Жақында «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы, ақын Торғын Тұрлыбаевамен, танымал айтыскер ақын Нұржан Өмірбаевпен онлайн кездесулер өтті. Алдағы күндері Талдықорған қаласының СДЮСШ армрестлинг бапкері Галина Шуйская онлайн кездесу жоспарлануда.
Адамзаттың екінші ұстазы Әл-Фараби: «Адамға тән бір жақсы қасиет – өзін қоршаған әлемнің әсемдік сырларына үңілу, содан рухани нәр алу, өзінің нәзік сезімін образдар арқылы паш ете алу» деген екен. Сыр да, руханият та кітапта. Ендеше, төтенше жағдайдың шектеу талаптарын сақтап, үйден шықпай кітапхана қорындағы әртүрлі бағыттағы кітаптарымызды оқиық. Себебі, жақсы кітап оқу ақылды адамдармен сырласқанмен бірдей.
Р.Кушекпаева, «Текелі қаласы әкімдігінің қалалық кітапханасы» КММ директоры