Қашықтан оқыту курсы

Курстың мақсаты – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында курс қатысушыларына мемлекеттік тіл мен латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиін үйретудің оңтайлы технологияларын меңгерту, әліпбимен таныстырып, оны үйретуге қатысты теориялық және практикалық білімдерін арттыру.
Орталық меңгерушісінің айтуынша, оқыту курсын тамыз айынан бастап жалпы саны 93 тыңдаушы аяқтап, курсты тәмамдағаны туралы анықтама алған. Бүгінгі күні 20 тыңдаушы төтенше жағдайға байланысты курсты қашықтан оқып, білімдерін жетілдіруде. Олардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталығының, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі мен емхана қызметкерлері, бірқатар жеке тұлғалар да бар. Екі топқа бөлінген курс тыңдаушылары 6 апта дүйсенбі-бейсенбі аралығында күнделікті сағат 16.30-дан бас-тап бір сағаттай білім алады. Курс оқытушысы Ақтоты Әлімбаева whatsapp желісі арқылы тыңдаушылармен сөйлесіп, бейнесабақтарын жолдап, артынан кері байланыс жасап отырады. Сондай-ақ, курс бағдарламасында латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейне материалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулықтар да пайдаланылады.
Ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технология-лардың тілі – латын қарпіне негізделген жаңа әліпби бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Олай болса, жаңа әліпбиді қашықтан оқытатын тегін курстан қапы қалмаңыз.
Нұржан Махаббатқызы