Әр өлеңі – бір әлем

8 ақпанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында қалалық ішкі саясат бөлімі және №6 орта мектебінің ұйытқы болуымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Әр өлеңі – бір әлем» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Әр өлеңі – бір әлем

Мүшәйра шарты бойынша 5-9 сынып аралығындағы талапты оқушылар ақынға арнау өлеңдерінің мәтінін және өздері жатқа мәнерлеп оқыған бейнежазбасын қазылар алқасына қашықтықтан жолдады. Байқау қорытындысында №5 ОМ 5 сынып оқушысы Әмина Нұралтайқызы (жетекшісі Жазира Ералиева) бас жүлдені қанжығаласа, Балалар шығармашылығы орталығының шәкірті, №8 ОМ 5 сынып оқушысы Ерасыл Қизатұлы (жет. Әділет Серікұлы) 1-орын, №1 ОМ 6 сынып оқушысы Ақбота Оразғалиқызы (жет. Әділет Серікұлы) мен №4 ОМ 6 сынып оқушысы Аяулым Надирхан (жет. Айнұр Жаңабаева) 2-орын иеленді. Ал 3-орын №6 ОМ 6 сынып оқушысы Дана Оразқали (жет. Нұржан Махаббатқызы), №3 ОМ 5 сынып оқушысы Ақбота Ораш (жет. Перизат Тұралықова) және №2 ОМ 6 сынып оқушысы Нұрдәуір Есболатұлына (жет. Қуандық Ибраимов) бұйырды. Жүлдегерлерге грамоталар мен кітаптар тарту етілді.

Қазақ поэзиясына өз үнін, өз сүрлеуін қалдырған Мұқағали ақынға деген жас талаптардың кіршіксіз көңілдері, шексіз құрмет пен риясыз сезімдері өлең болып төгілгені, сол өлеңде жалқын сәулелі өмір көрінгені тамаша. Ендеше, жал-құйрығы күзелмеген жүлделі өлеңдер ақын мерейтойына шашу болсын!

Мұқағали өлеңі

Әмина НҰРАЛТАЙҚЫЗЫ

 

Әрбір сөзі өрелі,

Сөз маржаны өнері.

Өмірбақи өшпейді,

Мұқағали өлеңі.

 

Ақын аға жырлары,

Тереңде ой, сырлары.

Отты өлеңін оқиды,

Отанның қыз, ұлдары.

 

Биік сөзге бойлаған,

Мұқағали ойлы адам.

Ұлтының тау тұлғасы,

Ұлылығын жоймаған.

 

Ақын аға өзіңді,

Айтып кеткен сөзіңді.

Асқақ үнмен оқимын,

Көргендей боп көзіңді.

 

Үлкен, кіші, балаңды,

Оятасың санамды.

Туған жерді жырладың,

Қолыңа алып қаламды.

 

Ұлы ақын, ғажапсың,

Артық ойдан азатсың.

Мұқағали мың жылдық,

Мақтанышы қазақтың.

 

Жоғары ұстап намысын,

Өмір сүрген ар үшін.

Ақиық ақын мұзбалақ,

Тұрағы оның қарлы шың.

 

Әніңді айтып шаттанам,

Өлеңіңді жаттағам.

Ұлы ақыны халқымның,

Өзіңменен мақтанам.

 

 

Алмас қылыш, алдаспан!

Ерасыл ҚИЗАТҰЛЫ

 

Жырлаймын жастық шағымда,

Жырлайды бағым, таңым да.

Жырлайды жауын, дауыл да,

Жырымды сүйген бауырға,

Жаныма жылы ауылға.

 

Жырлайды қар да, мұздар да,

Жырлайды тау да, құздар да.

Дүние жырсыз қалмасын,

Жырласын бүгін қыздар да.

 

Айдында коньки тепкен қыз,

Жырлайтын, маған сияқты.

Жылтырап сонда қатқан мұз,

Тыңдайтын, маған сияқты.

 

Сияқты мені тыңдайтын,

Қарға да, ұшқан торғай да.

Сияқты маған жырлайтын,

Сиқырлы сұлу шалғайда.

 

Қолдарым, жолым, қаламым,

Өзінен өзі жырлаған.

Жай ғана жыршы боламын,

Байлығым болсын бір қалам,

Тыңдасын мені бұл ғалам.

 

Отанға, қырға, аспанға,

Жырымды тегін берейін.

Арайын таңым ашқанда,

Тап-таза болып енейін.

 

Менің де алтын қаламым,

О, Мұқалағали, ұлы адам.

Кішкене жыршың боламын,

Өзіңнен бата сұраған,

Жұртына жыры ұнаған.

 

Батаңды бер де, жырла де,

Аламын айтқан тіліңді.

Оқимын шығып қырға мен,

Жаза алмай кеткен жырыңды.

 

О, Мұқағали, алдаспан,

Мен де бір алмас қылышпын.

Жаралып асыл алмастан,

Шапқанда жасын жыр іштім,

Жарқ ете қалды бір ұшқын.

 

Жанамын от боп лаулаған,

Өзіңнен екі елі аумаған.

Демеу болады тау маған,

Батаңды, баба, бер маған!

Батаңды, баба, бер маған!

 

 

 

Ақпан мен гүл

Ақбота ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ

 

Тау үстінде ақпан бар,

Тауға қарап тұрмын мен.

Тау басында мақпал қар,

Етегінде бүлдірген.

 

Таудан аққан жылғалар,

Жасыл құрақ жағасы.

Қырға шықтық құрбылар,

Бір ауылдың баласы.

 

Қалың шалғын ішінен,

Ақ гүл көрдім, ақ арман.

Алатаудың исі мен

Ақша қардан жаралған.

 

Алатауды тау емес,

Ұқсатамын адамға.

Аппақ шыңы қар емес,

Алып адам бар онда.

 

Біреу сонда бар сынды,

Биіктікті сүйетін.

Алып басын гүл сынды,

Нәзіктікке иетін.

 

Біреу сонда бар, білем,

Ақпан болып жаралған!

Білем, сонда бар біреу,

Алатауға жол алған.

 

Тас боп қатқан табаны,

Туған жердің төріне.

Қар боп қатқан қабағы,

Хан-Тәңірдің өріне.

 

Туған жерге ен ағып,

Су боп шыққан жыр еді.

Теру үшін елі алып,

Гүл боп шыққан жүрегі.

 

Қалың жұртым, қазағым,

Мұны жақсы біледі,

Ақын жайлы жазамын,

Арда туған өрелі.

 

Алатауды тыңдаймын,

Бөктерде өскен гүлін де.

Ақын жайлы жырлаймын,

Оның ана тілінде.

 

Есті мені, Егемен,

Тыңда мені, Ұлы елім.

Оқы мені көреген,

Жатта мені, біл, елім.

 

Қазақтың дара ақыны

Аяулым НАДИРХАН

 

Мұқағали қазақтың дана ақыны,

Мұқағали қазақтың дара ақыны,

Поэзияның патшасы қашандағы,

Ақтарылған жүректен дара сыры.

 

Өлең арнап, жыр жазам бабамызға,

Өлеңнің қамбасы еді-ау бабамыз да.

Өзіңіздің қалдырған қазынаңыз,

Өмірлік сабақ боп жүр арамызда.

 

Атам басқан сазды жол бір жылы ағыс,

Кім бар екен Мұқаңдай жыр жырлағыш.

Өзіңіздей болсам деген мыңдаған жан,

Сізге арнап өлең жазу бір қуаныш.

 

Ақын ата, сіз салған жол ерек боп тұр,

Жазған жырың сырыңнан дерек боп тұр.

Бүгінгі мынау ұрпақ қоғамына,

Өзіңдей дүлдүл ақын керек боп тұр.

 

Қашанда біз сізден үлгі аламыз,

Сіз айтқан ақыл-оймен шыңдаламыз.

Қарасаздың сұңқары түлеп ұшқан,

Әрқашан да баршаға үлгі атамыз.

 

Сағынамыз, даланың қыран құсын,

Баба, сен сұңқармысың, қыранбысың?

Өзіңнің өлеңіңдей байтақ елді,

Тербеп жатқан немесе жыр-әнбісің?!

 

 

 

 

 

Сарқылмайтын бұлақ

Дана ОРАЛҚАЛИ

 

Қолыма қалам алдым ақынмын деп,

Ақынға арнау өлең жазамын деп.

Тіліме өзге жырлар оралмайды,

Ойыма тек Мұқаңның өлеңі кеп.

 

Өлең жаздым сезімін суытпауға,

Өз жырларын өзгелер ұлықтауға.

Жыл сайын жыр сайысы өтіп жатыр,

Өлеңдерін ұрпағы ұмытпауға.

 

Мұқағали – ақын баба, дара тұлғам,

Өзгелерден өзгерек, баба, тұлғаң.

Жыр жазсам Мұқаңдайын мұхит болып,

Мен дағы ақындыққа белді буғам.

 

Жырласам жыр төгілтіп жырлы кештен,

Сырласам Мұқаң болып мұңлы кешпен.

Мен үшін Мұқағали дара тұлға,

Елім деп еңіреген жалаң төспен.

 

Ол ақын ғой, қаруы қуатты өлең,

Өлеңімен халқына шуақ берген.

Жырларын мұзбалақтың білгің келсе,

Сарқылмайтын сансыз бір бұлақ дер ем.

 

 

Сіз өлеңнің өзісіз

Ақбота ОРАШ

 

Мөлдір сыр мен сезімнен жаратылған,

Халқыңның мақтаны едің дара туған.

Поэзия көгінде ізі қалған,

Өлеңің өшпес мұра, дара тұлғаң.

 

Шаршағанға әл менен қуат болған,

Қараңғыда қалғанға шуақ болған.

Ақын ата, айналдым жырларыңнан,

Шөліркеп, шөлдегенге бұлақ болған.

 

Жатып оқып жастанды жырларыңды,

Сырласына айналдың талай жанның.

Күпі киген қазаққа қара өлеңді,

Шекпен жауып өзіне қайтара алдың.

 

Ақын ата, өр шабытты ақынсың,

Дархан үнің шартарапқа шашылсын.

Тоқсан жылдық мерейтойың басталды,

Сыр сандығым жырға толы ашылсын.

 

Ашылсын да, атыңды атап жырласын,

Өлеңіңде біз білмеген сыр басым.

Хантәңірім, мұзбалағым, ақиығым,

Ақын ата, болғандайсың сырласым.

 

Жырыңыздан ыстық бір леп еседі,

От қой, шіркін, әрбір сырлы сөзіңіз.

Сізді бәрі ұлы ақын деседі,

Ал мен үшін сіз өлеңнің өзісіз.

 

 

Жанымды жыры жылытып...

Нұрдәуір ЕСБОЛАТҰЛЫ

 

Мұқағали, қазаққа дара тұлғаң,

Дауыл соққан ұшқанда қанатыңнан.

Мұқағали Мақатаев дүниеге,

Өшпейтіндей жырымен жаратылған.

 

Жырлаған адамзаттың тірлігін,

Жылытып жүр жанымызды жыры бүгін.

Ұлағатты өлеңі қазақ деген,

Жүректе жаңғырады күні бүгін.

 

Әуелетер әншілер әнін әлі,

Той-думанда шырқап жүр дабыралы.

Атын атап жыр жазған ұрпақтарын,

Мақатаев қолдасын аруағы.

 

 

 

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2025. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.