Жетілдірілген жоба

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтаса да, бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар екенін айта келіп, тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керектігін тапсырған болатын.Осы тапсырманың негізінде ғалымдар, тіл мамандары аянбай еңбек етіп, латын қарпіне негізделген жаңа әліпби жобасын ұсынды.
Әліпбиде 31 әріп бар. Жетілдірілген әліпби жобасында 4 дауысты дыбыстың таңбасы әріпүсті диакритикалық белгілермен алынған.
Умлаутпен: Әә (Ää), Өө (Öö), Үү (Üü); Макронмен: Ұұ (Ūū).
"Ғ" және "ң" дауыссыз дыбыстары диакритикалық белгілердің негізінде таңбаланды. Ғ дыбысы бревиспен берілді /Ğğ/. Бревис – қысқа дыбыстарды белгілеу үшін қолданылатын диакритикалық белгі. Халықаралық жазу практикасында танымалдылығы жоғары. Бұл таңба түркі тілдері әліпбилерінің барлығында дерлік қолданылады.
Мұрынжолды дауыссыз "ң" дыбысын таңбалау үшін тильда диакритикасы (˜) алынды. Сонда "ң" дыбысының латын графикасындағы тұрпаты мынадай болады – "ñ". Бұл таңба түркі тілдерінен қырым, татар, сондай-ақ, басқа испан т.б. тілдердің әліпбилерінде бар.
Дауыссыз дыбыстағы "ш" әрпі (седиль Şş) таңбасымен беріліп отыр.
Алдыңғы әліпбиде дау тудырған "Ии", "Іі" әріптері жаңа әліпби жобасында өз орнын енді тапқандай. "Й й" (И и) әріптері "İ i" таңбасымен берілсе, "І і" әрпі "I ı" таңбасымен таңбаланып отыр.
Бүгінгі таңда ұсынылған жаңа әліпби жобасы бойынша еліміздің әр түкпірінде талқылаулар, сынама сабақтар жүргізілуде. Жаңа әліпбиіміз бекітіліп, халыққа қызмет ететін күннің алыс еместігіне сенемін.
Ақтоты Әлімбаева, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ Текелі қалалық филиалының оқытушысы