Көпке ортақ игі іс көп

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жалпыұлттық сипатқа ие болып, еліміздің әрбір азаматына жауапкершілік жүктеді. Мұны текеліліктер де қолдап-қуаттап, бірқатар игі істерді атқарды.
Аталған жоба басталғалы қаншама сенбіліктер ұйымдастырылып, қала аумағында стихиялық қоқыс үйінділерін жою, ағаштардың түптерін ақтау және абаттандыру бойынша жұмыстар атқарылды. Қалалық тұрғын үй-ком-муналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының мәліметіне сәйкес, биылғы наурыз айынан бастап жалпықалалық 13 сенбілік өткізіліп, 75 тонна қоқыс шығарылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 8 мың дана ағаш отырғызу жоспарланған, оның ішінде 7 мыңы жапырақты және 1 мыңы қылқан жапырақты ағаштар. Осы жылы 2900 дана ағаш көшеті отырғызылды, оның ішінде бөртегүл, терек, шаған, үйеңкі секілді 2500 жапырақты ағаш егілді. Олар, атап айтқанда, білім беру мекемелерінің аумақтарында, «Алма Дария» шаруа қожалығында және Тәуелсіздік, Әуезов көшелеріне орын тепті. Ал 400 қылқан жапырақты ағаш Орталық саябаққа, Гагарин көшесінің бойына, Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Мәдениет үйінің, Орталық Азия университетінің аумағына және Қора өзенінің жағалауына отырғызылды. Экологиялық жобаның жаяу серуендеу аймақтарын құру мақсатында «Алатау» шағын ауданының Қора көшесінің бойындағы Қора өзенінің жағалауына сквер салу үшін жалпы ауданы 1гектар жер учаскесі айқындалды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қаланың экологиялық тазалығы, көркемдігі әр тұрғынның жеке жауапкершілігіне байланысты. Қоқыс тастамай, жүрген жерді ластамай, көлденең жатқан қоқысты жинай салатын, сенбіліктерге белсене қатысатын тұрғындар қатары көп болса, таза үй, таза аула, таза қаланың ажары арта түспек.
Торғын ТҰРЛЫБАЕВА